Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология ғылымының докторы, профессор Талғат Сайрамбаевтың 85 жылдығына арналған «Қазақ тілі грамматикасының қазіргі даму парадигмалары және оқытудың инновациялық технологиялары» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.
Шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, оқытушы-профессорлар құрамы, студент жастар және Талғат Сайрамбаевтың жары мен шәкірттері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев конференция жұмысына сәттілік тілеп, Талғат Сайрамбаевтың қазақ тілін терең зерттеп, дамытудағы атқарған жұмыстарына тоқталды.
«Талғат Сайрамбайұлы өмірінің ұзақ жылдарын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткізді. Оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі болды. Қазақ тілі мен түркі тілдерінің Ғылыми диссертациялық кеңесін басқарып, білікті мамандарды даярлауға үлес қосты. Ғалым сөз тіркесінің құрылысын, құрамын, мағынасын айқындап, күрделі сөз тіркесінің құрылысы туралы ғылыми тұжырымдар жасады. Қазақ тіл білімінде алғаш рет есімді және етістікті күрделі сөз тіркестерінің басты ерекшеліктерін анықтап, зерттеді», – деді Жансейіт Түймебаев.
Конференция аясында «Ғибратты ғұмыр» сериясымен басылып шыққан Талғат Сайрамбайұлының шығармашылығына арналған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Сонымен қатар жиын барысында қатысушылар мен ғалымның шәкірттері сөз сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісті.
Айта кетейік, Талғат Сайрамбаев - 230-дан астам ғылыми мақаланың, 12 монографияның, 15-тен астам оқулықтың авторы. Оның ғылыми жетекшілігімен 38 кандидаттық және үш докторлық диссертация қорғалды. Оның қазақ тілінің синтаксисі мәселелеріне қатысты 180-нен астам ғылыми еңбегі басылып шықты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі