- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ мен Цукуба университетінің алтын көпірі
11.04.2022Ел мен елдің сан түрлі тарихын, мәдениеті мен дәстүрін бір арнаға тоғыстыратын, ол – ғылым-білім жолы. Бұл жолда ҚазҰУ-дың қаншама төл ғалымдары көз майын тауысып, қажыр-қайратын жұмсап жатқан болса, дәл солай шетелдік ғалымдар да екі елдің ортақ құндылықтарын зерттеу арқылы соны жаңалықтар ашуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Жапонияның Цукуба университеті арасына алтын көпір болып келе жатқан кезекті кейіпкеріміз – Такаши Ниномия.
Ол 1979 жылы Жапонияда дүниеге келді. Нара университетінде бакалавриат деңгейіндегі «Жапонияның және әлемнің ежелгі тарихы» мамандығын тамамдап, Цукуба университетінің магистратура және докторантурасында «Лингвистика» мамандығы бойынша білім алды.
– Алғаш PhD дәрежесін иеленген кезімде Жапониядағы орыс тілінің білікті маманы, атақты профессор Усяма Тошинобу маған Цукуба университетінің Орталық Азиядағы кеңсесінде жұмыс істеу туралы ұсыныс жасады. Сол мезеттен-ақ Қазақстанға, оның ішінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қызығушылық танытып, жан-жақты қарастырып, зерттей бастадым. 2012 жылдың қазан айында ҚазҰУ-дың проректоры мен Халықаралық ынтымақтастық департаментінің қызметкерлері халықаралық конференцияға қатысу мақсатында Жапонияға келді. ҚазҰУ өкілдерімен алғаш кездесуім де сол уақытта болды. Ал 2013 жылдың наурыз айында ҚазҰУ-ға алғаш рет өзім де арнайы ат басын бұрып бардым. Осылайша Цукуба университетіндегі жұмысымды аяқтағаннан кейін, 2014 жылдың қыркүйегінде ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасында жапон тілінің оқытушысы ретінде менің жұмысым жаңа арнада басталған-ды. Оған дейін қазақ және орыс тілдерін мүлде білмедім. Алайда ҚазҰУ-ға келген бірнеше жылда екі тілді жетік үйреніп шықтым. Қазір ҚазҰУ-дағы әріптестеріммен қазақ тілінде, сосын аздап орыс тілінде сөйлесемін, – дейді Такаши Ниномия.
Оқытушы осы аралықта ҚазҰУ-дың Қиыр Шығыс кафедрасы ұстаздарымен белсенді ғылыми зерттеулер жүргізіп, келесідей мақалалар мен еңбектері «Шығыстану» журналында жарық көрген-ді: Әсел Бекебасовамен бірлесіп «Жапон және қазақ тілдерін контрастивті талдауға арналған зерттеу: грамматика және прагматика жағдайы» (2015 ж.) атты мақаласы жарық көрсе, Мәдина Шадаевамен бірлесіп «Қазақ және жапон тілдеріндегі сұраныс стратегиялары: мәдениетаралық прагматикалық талдау» (2020 ж.) атты мақаласы басылған болатын. «Жапон мангасынан аударылған орыс мәтіндеріндегі жеке өрнектер» (2021 ж.), Ләйла Нұрсейітовамен бірлесіп жазған «Жапон қоғамындағы гендерлік рөлге бұқаралық ақпараттың әсері» (2018 ж.), «Қазақ халқының ортағасырлық батырлар мен жапонның самурайлары: айырмашылықтары мен ұқсастықтары» (2021 ж.) т.б. зерттеу жұмыстары шығыстану саласының дамуына сүбелі үлес қосқан. Такаши Ниномия мұндай еңбектер жазу үшін де тіл білудің септігі мол тигенін айта отырып, зерттеу алаңында жаңа белестерге көтерілу мүмкін екенін де білдірді.
Цукуба университетінің «Лингвистика» бөлімінде жапон тілі, корей тілі, араб тілі, Омандағы джибари тілі және Эфиопиядағы хадия тілі сияқты әртүрлі тілдердің грамматикасын, фонетикасын және прагматикасын зерттеген. Ерте жастан тіл білімі мен әр тілдегі фонетикаға деген зерттеу қызығушылығы оянған. Қосымша тілдерді меңгеруден де қалыс қалмай, қазақ, араб, семит, кушит және аккад тілдерін үйреніп, толық меңгерген. Ғалым қазақ тілін меңгеруде алдымен қызығушылықтың болуы басты алғышарт екенін басты назарға алады. Ұстаз тілді оңай үйренудің төте жолы сол ұлттың тарихы мен дәстүріне, мәдениетіне деген қызығушылықтың болуы керек екенін атап өтті.
– Біз қазақ және жапон тілдерін әртүрлі аспектілер тұрғысынан қарастырамыз. Сонымен қатар қазақ және жапон мәдениетін жан-жақты салыстырамыз. Оған қоса, жапондық манганың орыстілді нұсқасындағы аудармасын зерттейміз, – деді ғалым тіл тұрғысындағы сан түрлі зерттеулерін алға тартып.
Ол Цукуба университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық координаторы ретінде де қызмет атқарады. 2007 жылдың қазан айында аталған екі университет арасында «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы негізінде келісімшартқа қол қойылған-ды. Содан бері екі университет студенттері Цукуба және ҚазҰУ-да оқып келеді.
– Жыл сайын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан шамамен 10 студент Цукуба университетіне оқуға, тағылымдамадан өтуге барады. Соның ішінде төрт студент Жапон үкіметінен ай сайын 800 доллар шәкіртақы алып оқиды. Біздің шығыстану факультеті ғана емес, басқа факультеттердің студенттері де жапон немесе ағылшын тіліндегі бағдарламамен оқи алады. Әр жылдың ақпан айында Цукубадан шамамен 10 студент ҚазҰУ-ға келіп, жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде орыс тілін оқып, Қиыр Шығыс кафедрасының студенттерімен бірге семинарларда баяндама жасайды. Олар әрдайым өзара осы бағдарламаға дән риза екендіктерін айтып жүреді, – дейді ұстаз өзінің екі ел мен қос университет арасындағы қарым-қатынастың, серіктестіктің, білімнің дамуына аз да болса септігі тиіп жатқаны үшін қуанышты екенін білдірді. Сонымен қатар ол студенттерді қабылдау үшін құрылған арнайы бағдарламалар туралы өз пікірін айтты.
– Цукуба мен ҚазҰУ арасындағы ең үлкен бағдарлама Campus-in-campus деп аталады. Осы бағдарламаға қатысатын университеттер – Калифорния университеті, Тайвань университеті сияқты т.б. әлемдегі беделді университеттер. Бағдарламаның негізгі мақсаты – оқу және зерттеу жүйесін дамыту. 2019 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ осы бағдарламаға тіркелді. Бағдарламаның арқасында ҚазҰУ студенттері Цукуба ғана емес, Калифорния университеті, Тайвань университеттерінде де білімін шыңдап, тәжірибе алмаса алады. Былтыр Campus-in-campus бағдарламасы бойынша шығыстану, география, философия және саясаттану факультетінің студенттері онлайн форматта оқыды. Келесі семестрде де Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың көптеген студенттері Цукубада оқығанын қалар едім, – деді Ниномия мырза.
Ғалым ҚазҰУ-да кейінгі жылдарда атқарған ғылыми жаңалықтарымен бөлісті. Ол «Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы қарым-қатынастың орнағанына – 25 жыл» (2017 ж.), «Жапон және қазақ тіліндегі көмекші етістіктерді контрастивті зерттеу жоспары» (2018 ж.) т.б. ғылыми жұмыстарымен қатар, түрлі жоба-жоспарлары бар екенін айтты. Солардың ішіндегі екі ел арасындағы мәдениетаралық қарым-қатынасты жақындата түсетін, бүгінде атқарылып жатқан жобасын негізге алды.
– Қазір «Тошиба» атты жапон компаниясы демеушілік көрсетіп жатқан жоба бойынша менің әріптестерім, яғни Қиыр Шығыс кафедрасының оқытушылары және Цукубадағы жапон тілінің мамандары, профессорларымен бірге «Қазақстанға саяхат» атты жапон тілінің сабағы, силлабусы, оқулығын жасап жатырмыз. Осы жоба бойынша жасалған оқулық және бейнежазбаларды қолданып, қазақстандық гид жапон саяхатшыларына жапон тілінде Қазақстан қоғамы және қазақ мәдениетін түсіндіреді. Цукуба профессорлары: «Сіз жасап жатқан оқулық өте қызықты. Себебі бұл оқулық тек грамматика мен коммуникацияға арналған оқулық емес. Қазақстанды таныстыруда орын алатын мәселелерге студенттер өздері шешім тауып, ары қарай жалғастыра алады», – деп баға берді. Осы оқулық пен оның бейнежазбаларын жасаған соң, оны ҚазҰУ-дың жетекші оқытушыларының онлайн курстарында «Қазақстанға саяхат» деген айдармен жапон тілі пәніне енгізгім келеді, – дей келе, ғалым бұл жобаның тіл үйренуде, ілім жолындағы ізденіс үстіндегі студенттердің таным көкжиегін кеңейте түсеріне сенім білдірді.
Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ