UniSat – ЮНИСЕФ ұйымы мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірлескен жобасы. Ол наноспутниктер бойынша білім беру курсын әзірлеу арқылы қыздар арасында STEM-білім беруді (Science, Technology, Engineering, Mathematics) дамытуды көздейді.

Бүгінде ЮНИСЕФ халықаралық ұйымы бүкіл әлемдегі жастар арасындағы гендерлік саясатқа үлкен көңіл бөледі. UniSat осы бағытта ЮНИСЕФ пен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы бірегей әріптестік шеңберінде жүзеге асырылуда. Сондықтан Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен келген 150-ден астам қатысушы қыз балалар 21-30 наурыз аралығында ғарыштық техника саласындағы жетекші мамандардан білім алады. Оның ішінде 3D-модельдеу, бағдарламалық басқару блоктарын жобалау, бағдарламалық және аппараттық қамтамасыз етуді әзірлеу дағдылары, Linux-тағы коммуникациялар мен бағдарламалау негіздері де толық қамтылған. Жобаның соңғы кезеңінде қатысушылар наноспутникті стратосфераға ұшырады.
Наноспутниктер – бұл массасы 10 келіден аспайтын шағын ғарыш аппараттарының класы. Бүгінде наноспутниктер әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы университеттерінде және коммерциялық ұйымдарда дамыған.

UniSat жобасы наноспутниктерді әзірлеу бойынша дағдылар мен құзыреттерді дамытуға ғана емес, командада жұмыс істеу, көпшілік алдында сөйлеу, тайм-менеджмент, креативтілік сияқты және т. б. қыздардың бойында икемділік дағдыларын дамытуға бағытталған.
ҚазҰУ мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен жобасы – Қазақстандағы қыздар үшін STEM білім беруді дамытудағы тағы бір маңызды қадам. Алғаш рет 2020-2021 оқу жылдарында ұйымдастырылған шара биыл да жалғасын тапты. Сондықтан алдағы уақытта дәстүрлі жобаға айналады деген сенімдеміз.
Курс нақты ғарыш аппараттарын жобалау, 3D-модельдеу, құрастыру, тестілеу және ұшыру, сондай-ақ деректерді талдау бойынша оқушылардың қабілеттері мен дағдыларын дамытуға бағытталған.
Кәмила ЕРКІНҚЫЗЫ