- Негізгі бет
- Жаңалықтар
12 сәуір – Қазақстандағы Ғылым қызметкерлері күні!
12.04.2022Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-ғалымдары, жас ізденушілер!
Сіздерді 12 сәуір – Қазақстандағы Ғылым қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ата-бабаларымыз кез келген табыстың тек тынымсыз еңбек пен оқу арқылы келетінін жіті түсінген.
«Ғылым таппай мақтанба...» деп, ұрпақты ғылым, білімге үндеген ұлы Абайдың даналық ұстанымы бүгін де маңызын жойған жоқ.
Бүгінгі өркениет өлшемі ғылым мен білімнің даму көрсеткішіне байланысты.
Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды қалыптастыруда, бәсекеге қабілетті қуатты экономика құруда ғылымның ықпалы зор болуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласы қызметкерлерін құттықтаған сөзінде: «Осы айтулы дата – Ғылым қызметкерлері күнінің аса көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келуінің мәні зор. Перспективасы бар ғылыми зерттеулерді қолдау, ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін арттыру – сөзсіз шешімін табуға тиісті стратегиялық міндет», – деп атап өтті.
Ел Президенті «Ғылымды дамыту – Қазақстанның аса маңызды басымдығы болып қала беретінін» басты назарда ұстап отыр.
Сондықтан қазіргі уақытта біздің алдымызда ғылымды жаңа бағыттар бойынша дамытудың ауқымды міндеттері тұр.
Әлемдегі топ-200 үздік ЖОО қатарына енетін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 29 ҚР ҰҒА академигі, 59 ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, 525 ғылым докторы, 891 ғылым кандидаты, 411 PhD докторы ғылым саласындағы ортақ мүдде үшін аянбай еңбек етуде.
ҚазҰУ ғылыми зерттеулер саны мен сапасы бойынша еліміздегі оқу орындарының арасында көш бастап келеді.
ҚР Үкіметі жанындағы ғылыми-зерттеу комиссиясы анықтаған ғылымды дамытудың 10 басым бағытының ішінде университет жас ғалымдарының жобалары экономиканың нақты секторларына енгізу үшін перспективті деп танылды.
Бүгінде ҚазҰУ бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы бар ірі зияткерлік корпорацияға айналды.
Өткен 2021 жылы Технологияларды коммерцияландыру орталығы құрылды.
Басты мақсат – университет пен бизнес арасында мазмұнды ынтымақтастық орнатып, ғылымға қосымша инвестиция тарту.
Жаңа зертханалар қатарына Қан тамырлары патологиясы орталығы қосылды.
Жерді қашықтықтан зондтау орталығы, цифрлық сауда алаңы форматындағы TOURISMKAZ мобильді қосымшасы да ерекше сұранысқа ие тың жобалар.
Сондай-ақ фитохимия негізіндегі тағамдық қоспалардың шағын өндірісі ұйымдастырылуда.
Біз ғылымдағы әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, интеллектуалды қуат-күшімізді одан әрі жетілдіріп, ел игілігі жолында аянбай қызмет атқара бермекпіз.
Құрметті әріптестер!
Баршамыздың ортақ мерекеміз – Ғылым қызметкерлері күні құтты болсын!
Өздеріңіздей ғалымдарымыздың ізденістері мен ғылыми жетістіктері арқылы университетіміз дамып, еліміз өркендей бермек.
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке, ғылым жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Құрметпен
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы –
Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ