Жаңалықтар

Қазақ тіл білімі кафедрасына Ахмет Байтұрсынұлы есімі берілді

14.04.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алаш ардақтысы, көрнекті ағартушы ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай,  «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың рухани көсемі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оған белгілі тілтанушы, тарихшы, әдебиетші ғалымдар, оқытушы-филологтар мен білім алушы жастар қатысты.

 

Қазақ тіл білімі мен әдебиетінің және қазақ журналистикасының негізін қалаушы, қазақ жазуының реформаторы, алғашқы ұлттық әліппенің авторы, ақын, аудармашы, педагог, ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясын тәрбиелеген ағартушы ғалым, қазақ руханияты тарихындағы аса ірі тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының бай мұрасын дәріптеуге арналған жиында алқалы қауым алдымен ұлы тұлғаның есімі берілген аудиторияның лентасын қиды.  

Конференция ашылуында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев түркі әлеміне ортақ тұлға тағылымы, оның ұлт болашағы мен бостандығы жолындағы жанкешті еңбегі хақында кеңінен ой өрбітті. Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген көзқарасының бүгінгі күні де аса өзекті екенін алға тартты.

«Біз еліміздің, тіліміздің болашағын ойласақ, Ахмет Байтұрсынұлы бағытын ұстануға тиіспіз. Өйткені тіл тағдыры – бүкіл мемлекеттің тағдыры. Бүгінгі конференцияның  да тарихи миссиясы – Байтұрсынов танымы арқылы жастардың ой-өрісін кеңейту», – деді университет басшысы.

Сонымен қатар конференция барысында ағартушы ғалымның таңдамалы шығармаларының үш томдығының тұсауы кесілді. Шығарылымның басты ерекшелігі – студенттер енді Ахмет Байтұрсынұлы еңбегінің түпнұсқасын оқуға толық мүмкіндік алды.

Жиында құттықтау сөз сөйлеген филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен шығармашылығына тоқталды. Ол өз сөзінде: «Бүгінгі басты жаңалығымыз – қара шаңырақтағы филология факультетінде университетіміздегі Қазақ тіл білімі кафедрасына ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы есімінің берілуі. Бұл ұлт ұстазына деген ерекше құрметіміз. Бүгінгі күні кафедрада қазақ тілі мен түркітанудың іргелі мәселелеріне зерттеулер жүргізілуде», – деп атап өтті.

ҚР ҰҒА академигі, тарихшы-ғалым Ханкелді Әбжанов Ахмет Байтұрсынұлы және қазіргі отандық тарих ғылымының сабақтастығына көпшілік назарын аударды. «Ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы үздіксіз интеллектуалды ізденіспен ғұмыр кешті. Ол жайлы өзі былай жазады: «1901 жылдан бастап, оқытушылықтан қол босаған уақыттарымда өз бетіммен білімімді толықтырдым, әдебиетпен шұғылдандым».  Алғашқыда отарлық, кейінде тоталитарлық қуғын-сүргін көсіле жазуына мүмкіндік туғыза бермеді. «Қазақ» газеті мен Алаш қозғалысының басы-қасында жүру, кеңестік Қазақстанның саясаты мен тыныс-тіршілігіне араласу шығармашылық жұмысқа септеспеді. Соның өзінде артында мәңгілік мұра қалдыра алды», – деді ғалым.

Сондай-ақ пленарлық отырыс барысында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Ісімақова, Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамильоғлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, кафедра меңгерушісі Анар Салқынбай, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту орталығының директоры Ербол Тілешов, қырғызстандық профессор Ташболат Садықов, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, тілтанушы ғалым Анар Фазылжанова өз баяндамаларын көпшілік назарына ұсынды.

Халықаралық конференция жұмысы ары қарай «Тәуелсіздік және Алаш идеясы»; «А.Байтұрсынұлы және қазақ тілінің теориялық мәселелері»; «А.Байтұрсынұлы еңбектерінің зерттелуі»; «А.Байтұрсынұлы және әдебиеттану ғылымы»; «Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі» атты панелдік талқылауларға ұласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі