Жаңалықтар

Халықаралық журналистика: абырой мен сенім мәселесі

11.04.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту модельдері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция биыл алтыншы рет өткізілді.


 Халықаралық журналистиканың даму трендтеріне арналған ғылыми жиын Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының  қолдауымен өтіп келеді. Биылғы конференция жұмысына АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Польша, Түркия, Мексика, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан елдерінен ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысты. Олар журналист қауіпсіздігі, климат өзгерісі, медиа ақпараттық сауаттылық, қақтығыстарды БАҚ беттерінде жариялау, гибридтік білім берудің технологиялары, Орталық Азиядағы миграция, бейбіт, демократиялық қоғам құру сынды қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді қозғап, шешу жолдарын ұсынды.

Халықаралық конференцияны ашқан ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры м.а. Хайдар Тасибеков қоғам қазіргі университеттердің қоғамдағы рөліне тоқталды. Бүгінгідей жаһанданған білім беру парадигмасы контексінде «үшінші ұрпақ» университеттері әлемді тұрақты дамыту моделін жүзеге асыруға қабілетті болуы тиіс екенін атап өтті.   

ЮНЕСКО Кластерлік бюросының өңірлік маманы Сергей Карпов дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні қарсаңында өткен алқалы жиынның маңыздылығына мән беріп, азаматтардың сенімді ақпаратқа құқықтары, журналистиканың халықаралық стандарттарын сақтау, академиялық қауымдастық тарапынан қолдау тауып отыруы қажеттігін баса айтты. Сарапшы ЮНЕСКО әзірлеген ең маңызды журналистік тақырыптарды қамтитын жаппай ашық онлайн курстарға тоқталды. ҚазҰУ-дың ЮНЕСКО кафедрасы да халықаралық жоба аясында Орталық Азия университеттеріне арналған ашық онлайн курстар даярлап жатқанын тілге тиек етті.

Алқалы жиында қозғалған жасанды интеллект, үлкен деректермен жұмыс, журналистиканың адамзат өміріндегі маңызы мен қызметі туралы пікірлер түйткілді мәселелердің тиегін ағытты.

Түркітілдес журналистер қоғамдық қоры президенті Нәзия Жоямергенқызы Қазақстан журналистикасының қызмет ету ерекшеліктеріне тоқталып, журналистердің ақпарат алудағы және таратудағы кәсіби білігін арттырудың өзектілігіне тоқталды.

Конференция жұмысына қатысқан Британиядағы «Avrupa» медиахолдингінің президенті Ватан Өз бен ВВС телеарнасының Нидерландтағы меншікті тілшісі Юсуф Өзкан қазіргі медианың ең маңызды деген міндеттерін атап, фактчек жасау тәсілдерін меңгеру мен жалған ақпаратпен күресу туралы пікірлерімен бөлісті.

Конференцияға өзге елдерден қатысқан ғалымдар қазіргі таңдағы халықаралық тұрақтылыққа фейк ақпараттардың ықпалын баса айтты. Қазіргі геосаяси жағдайда сенімді, шынайы ақпарат берудің маңыздылығы, журналистердің біліктілігі мен кәсіби этиканы сақтауы, болашақ кәсіби білікті мамандар даярлаудағы оқыту форматтары мен құралдары да назардан тыс қалған жоқ.

Алқалы жиын шеңберінде халықаралық ұйымдардың өкілдері мен танымал медиа тренерлердің шеберлік сыныптары өтті.

Назгүл ШЫҢҒЫСОВА,

ЮНЕСКО-ның журналистика және

коммуникация кафедрасының меңгерушісі