- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Журналистика мектептерімен байланыс артады
19.04.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті төл басылымының ұжымы республикадағы журналистика кафедралары өкілдерінің қатысуымен «Qazaq universiteti» газеті – журналистер ұстаханасы» атты онлайн-конференция өткізді. Басты мақсат – ынтымақтастықты арттырып, тәжірибе алмасу.
Конференция барысында университеттер, оның ішінде журналистика кафедралары мен факультеттері арасындағы интеграцияны нығайту, тәжірибе алмасу, заманауи әдістер мен техникалық базаны пайдалана отырып, болашақ жас мамандардың кәсіби біліктілігін қалыптастыру мәселелері сөз болды.
Жиынды Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Журналистика кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор Мәншүк Мұқашева бастап берді. Ақпарат саласының майталманы қазіргі таңда бір мүддеге жұмылып қызмет ету заман талабы екенін айта келе, республикалық деңгейде тарала бастаған «Qazaq universiteti» газетінің осы бағыттағы рөлі ерекше екеніне тоқталды. «Аймақтағы журналистика мектептері үшін «Qazaq universiteti» газетімен тығыз байланыста болу тамаша мүмкіндік. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпарат және коммуникациялар департаментінде тәжірибеден өту облыс орталықтарында білім алып жатқан студенттердің кәсіби маман болып қалыптасуына ерекше ықпал етері сөзсіз. Біз бір салада бәсекелес бола тұра, ортақ міндеттерді игеру үшін бір-бірімізге қолдау білдіруге тиіспіз. Сондықтан тарихы терең «Qazaq universiteti» газетінің алда келе жатқан 75 жылдық мерейтойы қарсаңында басылымға 75 жазылым тарту ету арқылы жаңа бастама көтеріп отырмын. Осылайша кезінде өзіміз білім алып, еңбек еткен қара шаңырақтың өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді», – дейді Мәншүк Тынышқалиқызы.
«Qazaq universiteti» газетінің бас редакторы Гүлнар Жұмабайқызы қатысушыларға басылымның тарихы мен қазіргі міндеттері туралы айта келе, алдағы ауқымды жоспарларымен таныстырды.
Шараға AlmaU университетінің Медиа және кино мектебінен Лаура Барысова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының меңгерушісі Амангелді Шөрентаев, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінен Айгүл Ниязгүлова, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Журналистика кафедрасының меңгерушісі Әлия Белдібекова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінен Жанар Рамазанова, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Журналистика және филология кафедрасының меңгерушісі Есенбек Жұмағали және т.б. ЖОО өкілдері қатысты.
Олар аталған оқу орындарындағы университетішілік басылымдардың тәжірибесі мен ынтымақтастығы туралы сөз етті. Атап айтқанда, Алматы қаласы мен аймақтарда орналасқан білім ордалары студенттерінің «Qazaq universiteti» газетінде өндірістік тәжірибеден өту мәселелерін талқылап, басылымға өзге оқу орындарындағы мамандардың мақалаларын жариялау туралы ұсыныстарымен бөлісті.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Амангелді Шөрентаев 1998 жылдан бастап жарық көріп келе жатқан «Білім жарысы» газетінің жұмыстарымен таныстырып өтті.
– Басылым бір жылдары республикалық «Қазақ» газетінің, бір жылдары аймақтық «Костанайские новости» газетінің қосымшасы ретінде де шыққан кездері болды. Сонымен қатар Л.Гумилев атындағы ЕҰУ газетімен ортақ келісім арқылы басылымның бірнеше беті біздің жаңалықтарға арналса, біздің «Білім жарысы» газеті бетінде Еуразия университеті білім алушыларының материалдары жарияланып тұрды. Сондықтан осы тәжірибені сіздермен де ұйымдастыра аламыз деген ойдамын. Болашақта «Qazaq universiteti» газетіне жазылу арқылы өзге де оқу орындарының маңызды жаңалықтарын басылым бетінде жариялау туралы ұсыныс ресми түрде қарастырылуы қажет. «Qazaq universiteti» газетінің республикалық басылым ретінде шыға бастағанына қуаныштымыз және бірлесе жұмыс атқаруға дайынбыз, – дейді Амангелді Шөрентаев.
Жиын соңында қатысушылар мұндай бастаманың білім алушы жастар үшін мәні зор екенін айтып, толғандырған сұрақтарына жауап алды. Алдағы уақытта арадағы байланысты нығайта түсетін ынтымақтастық пен меморандум шарттары жасалатын болады.
Кәмила ДҮЙСЕН