Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестердің (ACCELS) негізін салушылардың бірі, доктор Дэн Дэвидсон келді.
Дэн Дэвидсон – Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестерді (ACCELS) ұзақ жылдар бойы басқарып келеді. 2017 жылға дейін және қазіргі уақытта ұйымның құрметті президенті, ғылыми-зерттеу орталығының директоры және аға академиялық кеңесшісі. Сондай-ақ ол Қырғызстанның Бішкек қаласындағы Білім беру, бағалау және оқыту әдістері орталығының (CEATM) тең құрылтайшысы және төрағасы. Бұл посткеңестік аумақтағы ЖОО-ға түсуге арналған алғашқы тәуелсіз тестілеу бағдарламасы.
Америкалық ғалым және білім беруді ұйымдастырушы тұлғаны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қабылдады. Университет басшысы кездесуде жоғары білім мен ғылымның дамуына септігін тигізетін әріптестікті одан әрі ілгерілетуге дайын екенін жеткізді.
Тараптар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестер келісімі аясындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Сондай-ақ жүздесуде ҚазҰУ-да сегізінші жыл қатарынан жүзеге асырылып отырған «Флагман» бағдарламасы бойынша оқитын америкалық студенттер контингентін ұлғайту мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар келесі жылы америкалық орыстанушылар – мектеп мұғалімдері мен университет оқытушылары үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру және өткізу міндеттерін көтерді.
Өз кезегінде доктор Дэвидсон университет басшылығына ағымдағы және болашақтағы жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсеткені және шығармашылық ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі