Жаңалықтар

ҚазҰУ-да америкалық профессор Дэн Дэвидсонмен кездесу өтті

20.04.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестердің (ACCELS) президенті, доктор Дэн Дэвидсон оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушылармен кездесті. Америкалық ғалым «Флагман» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы кеңінен әңгімелеп, өзінің жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Жиынды ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Жансейіт Түймебаев Брин Мар университетінің профессоры Дэн Дэвидсонды таныстырып өтті. Ғалым Ресей білім беру академиясының және Украина ұлттық педагогикалық ғылымдар академиясының толыққанды шетелдік мүшесі, Ресей ғылым академиясының құрметті докторы, КСРО «Халықтар достығы» орденінің иегері (1990).

Университет басшысы өз сөзінде: «Ғалым және білім беруді ұйымдастырушы доктор Дэн Дэвидсонның беделі жоғары және мойындалған. Дэвидсон мырзаға Қазақстанға және біздің университетке деген құрметі үшін ерекше алғыс айтқым келеді. Алда үлкен жоспарларымыз бар. ҚазҰУ-ға Америкадан студенттер орыс және қазақ тілдерін үйренуге, ал АҚШ-тың колледж оқытушылары мен мектеп мұғалімдері тағылымдамадан өтуге келеді. Бұл кездесуге тыңғылықты дайындалып, өзара араласу, қарым-қатынас жасау және жаңа нәрселерді үйрену керек», – деп атап өтті.

Сонымен қатар ЖОО ректоры Дэн Дэвидсон мырзаға «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрметті профессоры» атағын салтанатты түрде табыс етті.

Шетелдік ғалым өз кезегінде университет ректорына және ҚазҰУ профессоры Элеонора Сүлейменоваға ұзақ мерзімді табысты ынтымақтастық, америкалық студенттерге жасалған жайлы жағдай мен оқу орнының филология факультеті оқытушыларының «Флагман» бағдарламасы бойынша тамаша үйлестірілген жұмысы үшін ризашылығын жеткізді. «Әрине, мен біздің тамаша серіктестігіміз одан әрі дами береді деп үміттенемін және ұжымға үлкен табыс тілеймін», – деді құрметті қонақ.

Сондай-ақ доктор Дэвидсон жиынға қатысушылар назарына «Флагман» бағдарламасы бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесін ұсынды. Ол мектеп оқушылары, студенттер, ғалымдар мен идеялар ұтқырлығының рөлін ерекше атап өтті.

ҚазҰУ базасында жобаланған «Флагман» бағдарламасы екі тілді қатар меңгерген жоғары функционалды және мәнді жоғары дәлдікпен жеткізе алатын адамдарды даярлайды, олар жергілікті тұрғындармен кәсіби қарым-қатынас құру және қолдау, таңдаған салалары бойынша жаһандық кәсіби маман ретінде табысқа жетуге де қабілетті.

«Ғылыми-зерттеу университеттері білімді ең тиімді түрде өндіреді және береді, әрі олардың ең жақсылары ұлттық ғана емес, жаһандық деңгейде деген ортақ түсінік бар. Осы орайда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды тамаша үлгі ретінде айтуға болады», – деп пікір білдірді спикер.

Жүздесу соңында қатысушылар еркін пікір алмасып, естелік суретке түсті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі