Жаңалықтар

ҚазҰУ Мажарстан ЖОО-ларымен бірлескен зерттеулер жүргізеді

21.04.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Ронмен және Алматыдағы бас консул Ференц Блауманнмен кездесу өткізді. Тараптар ҚазҰУ-дың Мажарстан жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.


Жүздесу барысында университет ректоры Жансейіт Түймебаев құрметті меймандарға бірқатар нақты ұсынысын білдірді. «Біз Мажарстанның жоғары оқу орындарымен серіктестікті дамытуға дайынбыз. Жемісті ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдаймыз. Осы тұрғыда Мажарстан ЖОО-ларымен бірлесіп білім беру бағдарламаларын әзірлеу қажет. Сондай-ақ ғылым мен инновацияны дамыту бойынша ортақ ғылыми зерттеулер жүргізуді, көрмелер мен конференциялар және басқа да мәдени іс-шаралар ұйымдастыруды ұсынамыз», – деді университет ректоры.

Өз кезегінде елші Отто Иван Рон Жансейіт Қансейітұлы ұсынған бастамаларды қолдап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін білдірді. «Біз ҚазҰУ бастамаларын қолдай отырып, өз ұсынысымызды білдіргіміз келеді. Бізге бірлесіп ғылыми-зерттеу орталықтарын құру қажет. Бұл өз кезегінде ортақ ғылыми жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп санаймын», – деді Отто Иван Рон.

Кездесу соңында тараптар естелік сыйлықтар алмасты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі