Жаңалықтар

«Мұхамеджан Тынышбаев: Ғасыр жобасы» фильмі көрсетілді

22.04.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алаштың көрнекті қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы-инженер Мұхамеджан Тынышбаевтың қоғамдық-саяси қызметіне арналған «Мұхамеджан Тынышбаев: Ғасыр жобасы» атты ғылыми-танымдық деректі фильмінің көрсетілімі өтті.


Шараға «Мұхамеджан Тынышбаев» қорының президенті Нұршакен Жүнісова, фильмнің кеңесшісі әрі қоюшы режиссері, қайраткердің немересі Жаңабек Жетіруов, Мұхамеджан Тынышбаев туралы «Үзілген тамыр» драмасының авторы және қоюшы режиссері Ерсайын Төлеубай, фильмнің сценарий авторы және продюсері Базаргүл Абдульдина және өзге де қонақтар арнайы қатысты. Олар жиылған жастарға біртуар тұлғаның өнегелі өмірі мен қызметі жайлы әңгімелеп берді.

Толық метражды фильм Қоқан автономиясының премьер-министрі, Мемлекеттік ІІ думаның 1907 жылғы мүшесі Мұхамеджан Тынышбаевтың туғанына 140 жыл толуына орай арнайы түсірілген. Қазақ ұлттық университетінің профессоры, алаштанушы, Мұхамеджан Тынышбаевтың өмірі мен қызметі туралы кандидаттық, Алаш зиялыларының тарихи көзқарастары жайлы докторлық диссертация қорғаған Гүлбану Жүгенбаева фильмге қатысып, терең ой-толғамымен бөлісті.

Алаш қайраткерлерінің тарихтағы орнын насихаттау және жас ұрпақты ұлтжандылық рухта тәрбиелеу мақсатында студенттерге ұсынылған фильмнен білім алушы жастар ерекше әсермен шықты. ҚазҰУ-дың филология факультетінің 2-курс студенті Ақбота Әнуарова: «Көрсетілімнен ерекше әсер алдым. Мұхамеджан Тынышбаевтай тұлғаның өмірімен танысып, қазақ халқы үшін жасаған табанды қызметіне қанықтым. Өр мінезі мен жігері әр қазақты рухтандырары сөзсіз. Фильм Мұхамеджан Тынышбаевтың болмысын көрсете алды», – деп пікір білдірді.

Механика-математика факультетінің 3-курс студенті Айнұр Жетіруова да фильмнің өте әсерлі болғанын айтты.  «Фильм басталған сәттен тапжылмай қарадым. Мен үшін өте әсерлі болды. Көп мағлұмат алдым, өзім үшін ой түйдім.  Ұлттық сананы оятатын фильм екен. Барша қазақ жастары көрсе деймін», – деген тілегін жеткізді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі