- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ғылым кеңістігіндегі алғашқы қадам
26.04.2022ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің акт залында І халықаралық Фараби форумы аясында «Фараби әлемі» халықаралық жас ғалымдар мен студенттердің конференциясы өтті.
«Қоғамдық ғылымның әлеуметтік прогресті дамытудағы рөлі» 8-секциясында мінберге шыққан әрбір баяндамашы мақаласының мән-мазмұнына орай, қатысушылар мен олардың жетекшілері тарапынан тақырыпқа қатысты әртүрлі сұрақтар қойылып, жан-жақты талқыланды.
Ақылбек Сейсенбектің «Тарихи Отанға қазақ этносының оралуы – тәуелсіздіктің басты жетістігі» атты баяндамасы қазіргі уақыттағы шетелдегі қазақтардың тарихи Отанына оралуы кезіндегі туындайтын мәселелерге қатысты болғандықтан, әрбір шетелден келіп, атамекенінде білім алып жатқан қазақ жастарының көкейіндегі сұрақтардың шешіміне жол табуды нұсқағандай болды. Секция жұмысының қорытындысы бойынша Ерлан Тілек 1-орын, Еркегүл Хайрат, Қарақат Орынбаева және Бақтыгүл Орынбасарлар 2-орын, Гүлайна Әденова, Ақылбек Сейсенбек, Нұрсәуле Юсупбаевалар 3-орынды иеленді.
Конференция жұмысында белсенділік танытқан бірқатар қатысушылар ынталандыру жүлдесі – мақтау грамотасымен марапатталды. 8-секцияға ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының отандық және Қытай Халық Республикасынан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан келген шетелдік тыңдаушылармен қатар, Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері, Сырдария университеті мен ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің магистранттары, Алматы қалалық политехникалық колледжінің студенттері қатысты.
Секция жұмыстарының жабылу салтанатында қорытынды есептер жасалды және соңы марапаттау рәсіміне ұласты. Секцияларға қатысушылардың бұл үлкен ғылым-білім кеңістігінде жасаған алғашқы қадамы, тұңғыш талпынысы екеніне тоқтала келе, ұйымдастыру комитеті мен модераторлар болашақ жас ғалымдар мен ізденушілерді алғашқы қадамдарының сәтті болуымен құттықтап, келешекте қаламдары қарымды болып, келелі табыстарға жете беруіне тілектестіктерін білдірді.
Рахила НАРАЛИЕВА,
ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің аға оқытушысы