Жаңалықтар

Зерттеу орталықтарымен интеграция жалғасады

26.04.2022

Шығыстану факультетінің ұжымы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлымен кездесу өткізді. Кездесуге факультеттің оқытушы-профессорлар құрамымен қатар, зерттеу орталықтарының директорлары, докторанттар, магистранттар және жоғары курс студенттері қатысты.


Дүкен Мәсімханұлы – еліміздегі танымал қытайтанушы, аудармашы, зерттеуші-ғалым. Қазір Шығыстану институтының директоры қызметін атқарып отырған оның ақындығы өз алдына бір төбе.

Дүкен Мәсімханұлы еліміз тәуелсіздік алды деген ақжолтай хабарды ести сала Қазақстанға жетуге асығып, алғашқы болып Қытайдан келген зиялы қауым өкілдерінің бірі. Егемендік алған алғашқы жылдары шығыс елдерімен арадағы байланысты орнататын мамандарға деген тапшылықтың орнын толтыру үшін аянбай еңбек еткен ұстаз.

Кездесу барысында сөз алған Дүкен Мәсімханұлы 90-жылдардың басында университетіміздің сол кездегі ректоры К.Нәрібаевтың арнайы шақыртуымен елге оралған соң, ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасында тапжылмай 10 жыл жұмыс істегенін еске алып, араға 20 жыл салып факультетке қайта аяқ басқан көңіл күйін «төркіндеп келген қыздай болып отырмын» деп сипаттап, көпшілікті бір күлдіріп алды.

Шығыстану институтының директоры бұл кездесуде өзі басқарып отырған институттың құрылу тарихы, ғылыми-әлеуеттік жағдайы, кадрлық құрамы, қаржылық мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндай келе, бүгінгі атқарылып отырған қыруар жұмыстары мен болашақта атқарылуға тиісті  жоба-жоспарларымен бөлісті. Бұл кездесудің ең басты мақсаты – осы жылдың ақпан айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты арасында ғылым және білім интеграциясы бойынша қол қойылған меморандум негізінде бірлесіп жұмыс атқару керек екенін ерекше атап өтті. Дүкен Мәсімханұлы шығыстану факультеті арабтану, ирантану, корейтану, қытайтану, жапонтану т.б. шығыс елдерінің тарихына қатысты мамандар даярлайтын еліміздегі бірегей ЖОО болғандықтан, ғылым мен білім интеграциясы бойынша бірлесіп жоғары білікті мамандар даярлауды одан әрі жалғастыратынын айтты. Осыған қатысты туындап отырған бірқатар мәселелер бар екені және оны шешу үшін нақты ұсыныстар да айтылды.

Кездесу соңында шығыстану факультетінің деканы Ы.Палтөре тағылымы мол, мазмұнды кездесу үшін Д.Мәсімханұлына алғыс білдірді.

 

Ержан КЕРІМБАЕВ,

Қытайтану кафедрасының жетекшісі, РhD докторы