- Негізгі бет
- Жаңалықтар
AlmaU президенті ҚазҰУ-да көшбасшылық дәріс оқыды
27.04.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Almaty Management University (AlmaU) президенті, іскерлік әкімшілендіру докторы Асылбек Қожахметов «XXI ғасырдағы инновациялық білім беру: ол қандай?» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды. Қайраткер қазіргі қоғамдағы білімнің рөлі туралы ойымен бөлісті.
Қара шаңырақтың механика және қолданбалы математика факультеті Тұтас орта механикасы кафедрасының түлегі Асылбек Қожахметовтің бизнесті басқару саласында мол тәжірибесі бар. Ол менеджмент пен білім беруді дамыту бойынша 70-тен астам қазақстандық және халықаралық ғылыми жарияланымдардың авторы, Almaty Management University негізін қалаушы.
«Бүгін мен сіздермен кәсіпкерлік университеттер, инновациялық білім беру, сондай-ақ елімізде ғана емес, әлемде жалпы білім берудің мақсаты мен мәні туралы сөйлескім келеді, – деп бастады өз сөзін спикер. – Мен 34 жылдан бері білім беру мекемесін басқарып келемін. Өз тәжірибеме сүйене келе, мен ел үшін ең бастысы білім екенін ұқтым, ал экономика – оның туындысы». Дәріскер пікірінше, егер білім күшті болса, экономика өркендейді, керісінше болса, ол да құлдырайды. Экономикалық даму адам капиталының төмендеуімен тікелей байланысты.
Асылбек Қожахметов өз дәрісінде XX ғасырдағы үлкен фабрикалар мен кәсіпкерліктің 2.0 және 3.0 экономикасынан цифрлық XXI ғасырдың 4.0 экономикасына парадигманың ауысуы жағдайында қоғамда орын алған өзгерістерге талдау жасады. XXI ғасырда әсер экономикасы бірінші орынға шығатынын айтты. «Бүгінгі таңда адамға дәнді, ұнтақталған немесе қайнатылған кофе қажет емес, ол әсер алу үшін Starbucks-қа барады. Әсер ету экономикасы барлық салалар үшін өзекті. Мұны түсінгендер әрқашан табысты болады», – деді ол.
Қазіргі уақытта университеттік білім берудің міндеттеріне мәдениетті үйретіп сіңіру, мамандықтарға оқыту, ғылыми зерттеу және жаңа ғалымдарды даярлау кіреді. Жоғары білім беруді ұйымдастыру, университетті құру кезінде білім мен оқытушыға ғана емес, студентке де сенім арту қажет.
Түлектер инновациялық экономика үшін келесі құнды дағдыларға ие болуы шарт: проблемаларды кешенді шешу, сыни ойлау, шығармашылық, адамдарды басқару, олармен өзара әрекеттесу, эмоционалды интеллект, өз пікірін қалыптастыру және шешім қабылдау, клиентке бағдарлау және т.б.
Дәріскер тыңдаушылардың назарына инновациялық білім беру, кәсіпкерлік университеттер деп нені түсіну керегін егжей-тегжейлі баяндап берді.
Көшбасшылық дәріс соңында пікірталас өтіп, оның ең белсенді қатысушылары Асылбек Қожахметовтен Almaty Management University Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай шығарылған «Қазақстан университетінің тиімді моделін іздеу жолында» атты кітабын сыйлыққа алды. Басылымның құндылығы - онда қазақстандық кейстер, Қазақстанның жоғары оқу орындарын ұйымдастыру бойынша мысалдар жариялануында.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі