- Негізгі бет
- Жаңалықтар
1 МАМЫР - БІРЛІК МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
01.05.2022Құрметті Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің оқытушы профессорлары, студенттері, магистрант, докторанттары!
Сіздерді 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңаша дамуға бет алған бүгінгі Қазақстан халқы өркендеу мен бейбітшілікке мызғымас бірліктің арқасында жетті.
Ынтымақ пен татулықты, достық пен сыйластықты ту еткен ел ғана мықты мемлекет бола алатынын тарихтың өзі дәлелдеді. Сондықтан біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің мызғымас тұғыры – татулық пен тұтастық.
Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті 31-ші сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір геосаяси ахуал ушығып тұр. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Мұндай жағдайда еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтып, отаншылдық рухын көтеруге баса мән беруіміз керек. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Біз жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Олардың бойына татулық пен келісім, төзімділік, толеранттылық пен мәдени ықпалдастық құндылықтарын сіңіру айрықша маңызды», – деп атап өтті.
Мәдениетаралық диалог пен толеранттық көзқарастың ілгерілеуіне ҚазҰУ ұжымы да өзіндік үлес қосып келеді.
Бүгінгі таңда оқу ордасындағы оқытушы-профессорлар құрамында 200-ден астам өзге ұлт өкілдері қызмет етеді.
Университетімізде әлемнің 50 елінен келген 2000-нан астам ұлты өзге студенттер білім алады.
«Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын» деген ұстанымға сүйенген халқымыз әр ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына біріктіріп, бір мақсатта, бір тудың астында бейбіт өмір сүруде.
Осынау ақиқатты қалтқысыз ұғыну қастерлі Отанымыз – Қазақ елінде ұдайы бейбітшілік пен берекенің салтанат құруына септігін тигізеді.
Бүгінгі қоғамда бастау алып жатқан жүйелі жаңғыру үрдістері бірлігіміздің нығая түсуіне ықпал етіп, жаңа белестерді бағындыруымызға жол ашады деп сенемін.
Баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін!
Ел бірлігі бекем болсын!
Ізгі ниетпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ