Жаңалықтар

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мерейтойлық жылын «Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ күндері» ашады

14-қаң-09

Алматы. 15 қаңтарда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ күндері» ашылады. ЕҰУ-дің ғалымдары мен студенттері бастаған делегация былтырғы жылдың қыркүйегінде еліміздің беткеұстар университеттерінің ректорлары мұрындық болып, қолдауымен бастау алған жоғары оқу орындар күндері дәстүрін әрі қарай жалғастырмақ.

Бұл айрықша шара еліміздің бас университеті туған күнге дөп келгенін ерекше айта кету қажет. 2009 жылдың 15 қаңтарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 75 жыл толады. ЕҰУ күндерінің салтанатты ашылуы мерейтойлық жылға жоспарланған көптеген мерекелік шаралардың тек басы болмақ.

ЕҰУ күндерінің бағдарламасы қос ірі ұлттық университеттің қызметі мен жетістіктері жайлы баяндайтын екі көрменің ашылуынан басталмақ. Бірінші көрме Қазақ ұлттық университетінің мерейтойына арналады. Мерейтойлық 24 экспозициядан тұратын көрме еліміздің ең ірі жоғары оқу орнының тарихына шолу жасап, бүгінгі жетістіктерін баян етеді. Екінші көрме де көрермендерге Еуразия университетінің қызметі туралы қызықты әрі тынғылықты баяндайды.

Салтанатты ашылуда Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұлов ҚазҰУ-дың күміс медальдарын университет түлектері болып табылатын Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің сегіз ғалымына табыс етіп, сонымен қатар ЕҰУ-ді тәмамдаған үздік түлектерге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистратурасында бес оқу гранты тағайындалатынын жариялайды.

Меймандар «Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың күндері» атты кинофильмді сыйға тартып, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Бахытжан Әбдрайымов ЕҰУ медальдарын ҚазҰУ ғалымдарына табыстайды. Сонымен қатар, ҚазҰУ профессорларына Л.Н. Гумилев атындағы (түріктану және филология саласында), К. Акишев атындағы (тарих және археология саласында) және И. Ақбергенов атындағы (математика саласында) стипендиялары беріледі.

Бұл шаралар шеңберінде ҚазҰУ факультеттерінде ЕҰУ профессорлары Ақселеу Сейдімбек және Қойшығара Салғариннің монографияларының тұсаукесерлері және академик Мұхтарбай Өтелбаев, Рымғали Нұрғали, Мырзатай Серғалиев, Жабайхан Әбділдин және т.б. қатысуымен ғылыми семинарлар өтеді.

ҚазҰУ-дағы «Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ күндері» екі ұлттық университеттің студенттік шығармашылық ұжымдары ұсынған концертімен аяқталады.

Көрмелердің тұсаукесері: 15 қаңтар, сағ.11.00-де, А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы.

Ресми ашылуы: 15 қаңтар, сағ.12.00-де. Ректорат, 15 қабат, Ғылыми кеңестің мәжіліс залы.

Мекен-жайы: Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 71.