Жаңалықтар

Амандық БАТАЛОВ, мемлекет қайраткері: ҚазҰУ қалашығының даму жоспары ұнады

04.05.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне дәстүрлі көшбасшылық дәрісін оқуға мемлекет қайраткері, кәсіби құрылысшы, білікті экономист, тәжірибелі саясаткер Амандық Баталов арнайы келді. Жиынды ашқан ҚазҰУ ректоры Жансейіт Қансейітұлы: «Өзіміздің қара шаңырақ – ҚазҰУ қалашығы құрылысында Амандық Ғаббасұлының қолтаңбасы бар. Бұл кісі қай қызметте болса да, өзін кәсіби маман, мықты ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде көрсете білген азамат», – деп баға беріп, белгілі қоғам қайраткеріне «ҚазҰУ-дың құрметті профессоры» атағын табыс етті. 

Қадірменді ұстаздар, құрметті білім алушылар, алдымен мені дәріс оқуға шақырып, қошемет көрсеткендеріңіз үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Қансейітұлына, сіздерге үлкен алғысымды айтамын. Бұған дейін де талай жоғары оқу орындары шақырып, біршама аудиторияда сөз сөйлеу бақыты бұйырған-ды. Әйтсе де ҚазҰУ-дың жөні бөлек. ҚазҰУ қалашығы дегенде жүрегім елжірейді. Ерекше толқимын. Өйткені кеңес дәуірінде институтты тамамдап, маман атанып, Алматыға келгенімде алғашқы еңбек жолымды құрылыстан бастап едім. Ол кезде қалада құрылыс қарқынды, қызу жүретін. Қазір «инвестициялық жобалар» деген заманауи түсінік бар ғой, кеңес тұсында «ерекше жобалар» деген болған. Бұрынғы Орталық комитет үйі («Қаңтар қасіреті» кезінде өртке оранған), Ленин сарайы (Республика сарайы), ҚР Мемлекеттік музейі – осы құрылыстардың бәрі әлгі «ерекше жобалардың» құрамына кірді. Оған облыстық партия комитеті жетекшілік етті. Бір айта кетерлігі, қазіргі Достық даңғылының бойындағы Оқушылар сарайы, Тау самалындағы «Алатау» санаторийінің құрылысы Кеңес Одағы коммунистік партиясы Орталық комитетінің бақылауында болды. Біздің жұмысымызды Мәскеуден арнайы комиссия келіп қадағалап, бақылауда ұстады. Сондай қатал тәртіп болатын.

Сол жылдары «Алма-Атаглавстрой» деген ең үлкен құрылыс мекемесі жұмыс істеді. Мен сол мекемеде алдымен шебер, одан кейін прораб, аға прораб, учаске бастығы, бас инженер, құрылыс бастығы болдым. Бұл менің 28-29 жастағы кезім. Айтайын дегенім, ҚазҰУ қалашығы үлкен жобаның бірі-тін. Осында келе жатқанда есіме түсті, біз қалашықтың құрылысын төмен тұстағы гараждан бастағанбыз. Қазір біз отырған ғимарат ГОК-1 деп аталды. Осында құрылыстың мән-жайын талқылап, небір жиындар өткізетінбіз. Сауда, тамақтану орындарына арналған ТОЦ-1 деген ғимарат салынды, одан кейін лек-легімен жатақханалар тұрғызылды. Несін айтасыздар, күні-түні қызу жұмыс істедік. Бұл жобаның бір ерекшелігі – біздің «Алма-Атаглавстрой» осы ҚазҰУ қалашығын салуға «СМУ-Университетстрой» деген арнайы құрылыс бөлімшесін ашты. Жобаның ірілігін, жауапкершілігін, бөлінген қаржының мол екенін осыдан-ақ бағамдауға болады. Әлі есімде, құрылыс бөлімшесінің Анатолий Лян деген бастығы, Яков Заяц атты бас инженері болды. Ол кезде ҚазҰУ ректоры Өмірбек Жолдасбеков ағамыз еді. Тау тұлғалы ағамыздың қалашыққа сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бірді айтып, бірге кетті демеңіздер, мен қалалық атқару комитетінде қызмет етіп жүргенімде Өмірбек Арысланұлы Желтоқсан оқиғасына қатысты тергеліп, партия қатарынан шығарылды. Сол жиынға қатысқан біз, жастар жағы, ағамызға жақын жерде отырдық. Сонда ол кісі қалтасынан партбилетті алып, үстелге қояр кезде қолы қалт-қалт етіп, дірілдеп кетті... Ол кезде партиядан шығару деген қандай қасірет екенін аға буын өкілдері жақсы біледі. Мен сондайды да көрген адаммын. Мұны неге айтып отырмын?! Аумалы-төкпелі заман болған, оны бүгінгі ұрпақ білуі керек. Тәуелсіздік біреудің бізге бере салған сыйы емес. Ол бізге ата-бабаларымыздың жанкешті еңбегі, маңдай тері арқылы келді.

Университет музейін аралағанда ҚазҰУ қалашығының болашақтағы даму жоспарымен таныстым. Кәсіби құрылысшы ретінде маған ұнады. Енді сол бас жоспардың жүзеге асуына тілектеспін.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиындықты жастар, сіздер, көрген жоқсыздар. Өте қиын кезең еді. Өндіріс ошақтары тоқтап, халық жұмыссыз қалды. Ел ішінде тәртіпсіздік, ұрлық-қарлық – бәрі орын алды. Біз соның куәсі болдық. Мысалы, кезінде мені Ленин ауданына басшы етіп жібергенде, онда 57 зауыт-фабрика жұмыс істеп тұрған еді. Оның ішінде атақты  Киров зауыты да бар. Сол зауытта 8000 адам жұмыс істейтін. Торпедоларды, содан соң  КСРО-ның әскери-теңіз флотына арналған гидравикалық құрылғылар шығаратын. Соның бәрінің жұмысы тоқтап қалды. Қаладағы мақта-мата, тоқыма кәсіпорындары сол Ленин ауданында орналасқан еді. Өзбекстаннан мақта келетін, одан жіп иіріп, тонна-тонна өнімді киім-кешек тігетін өндіріс орындарына жөнелтіп жататын. Соның бәрінің жұмысы кілт тоқтағанда ел-жұрттың қандай күйде қалғанын көз алдыңызға елестете беріңіз. Қазір айтсақ, өткен өмірдің бәрі жастарға ертегі сияқты. Ал біздің буын сондай қиыншылықтарды басынан өткізді. Бойдағы күш-жігер, табандылықтың арқасында одан да аман шықтық. Бұдан қандай ой түюге болады? Өте ауыр кезеңдерде де біз елімізді, жерімізді тастап ешқайда кеткеніміз жоқ. Өйткені қасиетті Жер-Анамызды, туған топырақты, атамекенімізді сүйеміз. Өз еліміздің патриотымыз. Кезінде ата-бабаларымыз осы жерді аттың жалында, түйенің қомында жүріп қорғаған. Бізге аманат ретінде қалдырған. Жастар, сіздердің де өз Отаныңызды жақсы көретіндеріңізді білемін. Елдің болашағы үшін аянбай еңбек етіңіздер. Көп оқыңыздар, ізденіңіздер. Сонда біздің еліміз дамиды, жетіледі.

Менің Алматы облысына басшылық еткенімді білесіздер. Негізі, бұл аймақ – аграрлы өңір. Бұрынғы Алматы мен Талдықорған облыстарының аумағы. Оңтайландыру кезінде екі облысты қосып жіберген. Мен Талдықорғанға табан тіреген жылдары жағдай анау айтқандай аса мәз емес еді. Көше, баспаналардың сиқына қараса адам кәдімгідей шошиды. Үш бөлмелі пәтерді телевизорға ауыстырып алуға болатын мүшкіл жағдай. Бірақ біз қарап отырмадық. Күні-түні дамылсыз жұмыс істедік. Соның нәтижесінде үлкен-үлкен жобалар жүзеге асты. Бір миллион гектар егістік жеріміз болды. Оның 450-470 мың гектары суармалы жерлер еді. Соның бәрін қалпына келтірдік. Кеңес кезінде болған кейбір министрліктер жойылып кетіп, соның салдарынан қиыншылықтар болмады емес, болды. Мысалы, Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі қысқарып, жай ғана комитет жұмыс істеді. Нәтижесінде суқоймалар мен платиналар жекеменшікке өтіп кетті. Жекеменшіктің халықпен ісі бола ма, соның кесірінен жантүршігерлік  Қызылағаш оқиғасы орын алды...

Облыс негізінен қызылша, жүгері, соя, тары және т.б. өнім егеді. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев маған Алматының алмасын жаңғырту жөнінде арнайы тапсырма берген еді. Мен облысқа келгенде қызылша өндірісінен дым жоқ, көрсеткіш – нөл. Кезінде атағы жер жарған бес зауыттың жұмысы тоқтаған. Содан не істеу керек? Екі қызылша зауытының жұмысын жолға қою керек деген шешімге келдік. Заманауи қондырғы әкеліп, жұмысын жолға қойдық. Соның бірі – Көксу зауыты. Қуаттылығы – 250-270 мың тонна, қант өндіру көрсеткіші 10 пайызға жетті. Мерзімаралық кезеңде де жұмысын тоқтатпауға әрекет жасадық. Екіншісі – Ақсу зауыты. Оның қуаттылығын 350-500 мың тоннаға жеткіздік. Бұл енді айтуға ғана оңай шаруа. Өндірісті жолға қойғанша тыным таппай жұмыс істеуге тура келді. Халықты жұмыспен қамтуға тырыстық. Жұмыс болмаса, халық қалай күн көреді?

Талдықорған аймағының кезінде жүгері өндірісімен даңқы асқанын білесіздер. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов, Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева сынды еңбек ардагерлерін әрқашан мақтан тұтамыз. Панфилов ауданын атақты Н.Н.Головацкий деген азамат басқарды. Ол да екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған адам. Осындай тұлғалардың жолын жалғастыруға шамамыз келгенше атсалыстық. Бірде Белград сапарында Елбасы маған: «Жүгері егуді мына югославтардан үйреніңіздер. Кезінде бұлармен америкалықтардың өзі тәжірибе алмасқан», – деді. Енді жүгерінің жағдайын ойлап, сол жаққа тәжірибе алмасуға өзіміздің мамандарды жібердік. Артынша технологиясын әкелдік. Сөйтіп, егістік көлемін 62 мың гектардан 100 мың гектарға арттырдық. Аймақта бір ғана өңдеу зауыты әупіріммен жұмыс істеп тұрды, оның  қуаттылығы да 10 мың тоннадан аспайды. Әлгі елге әкелінген технологияның арқасында зауыт қуаттылығын 150 мың тоннаға жеткіздік. Жүгерінің сатып алу бағасы тым арзан, келісі  – 22-27 теңге. Ана жерде, мына жерде шашылып жатқан өнімді көрсетіп, БАҚ сынап жүрді. Тынымсыз тірлігіміздің арқасында жүгерінің келісін 70 теңгеге дейін көтердік. Бұл ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне жақсы болды. Жалақылары өсіп, көңіл күйі көтерілді. Сөйтіп, диқандар отбасының ажарын кіргіздік. Одан уақыт өте келе, газ мәселесімен айналыстық. Әу баста аймақ көгілдір отынмен 7-10 пайыз көлемінде ғана қамтамасыз етілген екен. Жамбыл, Қарасай, Іле аудандарының кейбір жерлерінде, Талғарда ішінара болды. Содан елді мекендерге газ жүргізуді қолға алдық. Бұл аса маңызды әлеуметтік жоба еді. Ауыл тұрғындары қатты отын тұтыну тауқыметінен құтылды.

Шамам келгенше халықтың әл-ауқатын арттыруға күш салдым. Бюджет есебінен еңбекақы алатын қызметкерлерге арнап мыңдаған шаршы метр тұрғын үй салдық. Байқасам, құрылыс компаниялары коммерциялық жобаларға ден қойып кеткен. Баспананың шаршы метрі өте қымбат. Оған  көпбалалы аналар мен мүгедектердің қолы қалай жетеді? Естеріңізде ме, қайбір жылы Нарынқолда жер сілкініп еді ғой. Ол кезде мен Алматы облысы әкімінің орынбасарымын. Күні-түні шекара маңында жүрдік. Бір күні  ауруханаға, анығында перзентханаға, жолым түсті. Барсам, бір нәресте жоқ. Перзентхана аңырап тұр. Жағдайды білмек болып ауыл ақсақалдарынан сұрасам: «Кемпір мен шал бала туа ма, жастар жағы күнкөріс қамымен қалаға, базар жағалап кеткен», – дейді. Осы жағдай да жаныма ерекше батты. Тіпті мәселені Елбасыға да айтып бердім. Содан Үкіметтен жалбарынып жүріп қаржы алып, аурухана, 110 үй салдық. Үкімет мүшелері «қаржы жоқ, ертең басқа облыстар да сұрайды» деген желеу айтады, ал мен қайтпадым. Содан Елбасының қолдауымен бұл мәселе де шешімін тапты. Сөйткен Нарынқолға екі жарым мың жас қайта оралды. Бұрынғы райком, райисполком ғимараттарын мал паналайды екен. Соларды қайта қалпына келтіргенде ауыл ақсақалдарының көзінен жас шығып, маған алғыс айтты. Атақты М.Мақатаевтың туған жері ғой, шайырға ескерткіш қойдық. Бертін келе су жүйелерін ретке келтірдік. Облысты басқарған жеті жылдың ішінде ауыл-аймақтан үлкен спорт кешендерін салғыздым. Кейбіреулер «Ауылға спорт кешені не керек, спортзал болса да жетеді ғой» деген әңгімелер айтып жүрді. Мен сонда да райымнан қайтпадым. «Ауылдың балалары басқалардан кем бе? Олар да көрсін, жаттықсын, спортпен айналыссын» дедім.  

Облыс бойынша салынып жатқан 17 спорт кешенінің 14-ін тапсырып үлгердім, қалғаны да, бұйыртса, тапсырылады. Осының бәрі жастардың игілігі үшін жасалды. Ауылда қалсын, атамекенді көркейтсін, еңбек етсін деген ниет болды.

Қазір Алматы облысында «Марвин фуд» компаниясы жұмыс істеп жатыр. Біз бұл компанияның алдына жергілікті шикізатты өңдеу міндетін қойдық. Осы күні өнімнің 80 пайызы экспортқа жіберіледі, 24 түрлі өнім шығады. Осындай зауыттардың он шақтысын іске қостық.

Адам табиғатпен, топырақпен етене өмір сүреді. Мұның үлкен философиялық мәні бар. Жастар, сіздер жаңа Қазақстанда өмір сүресіздер. Менің тілегім – ел мен жердің иесіне лайық болыңыздар!