Жаңалықтар

Жеңіс күні құтты болсын!

09.05.2022

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант, докторанттары!

 

Сіздерді 9 Мамыр – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандықтарды қастерлі мерекемен құттықтай отырып, «Батыр бабаларымыздың қаһармандығы қазіргі тыныш заманда да біздің бойымызға жігер береді. Ол ауызбіршілік, патриоттық, қайсарлық және Отанға деген махаббат арқылы кез келген қиындықты жеңіп, бейбіт әрі бақуатты өмірге қол жеткізуге болады деген сенімімізді нығайта түседі», – деп, ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне зор ілтипатын білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:
«9 Мамырдың төл тарихымыздағы орны ерекше. Бұл – жанқиярлықпен ел қорғаған аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың рухына тағзым ететін күн. Бұл – фашизмді жеңген ерлердің ерен ерлігін жадымызда жаңғыртатын күн», – дей келе, мемлекет соғыс ардагерлеріне жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осы ретте «Ардагерге құрмет» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, екі соғыс ардагеріне, 88 тыл еңбеккеріне,13 Ауған соғысының жауынгеріне, 20 университет Ақсақалдар кеңесінің мүшелеріне азық-түлік себеттерін таратып, қаржылай көмек көрсетті.

 

Құрметті әріптестер, білім алушылар!

 

Ел қорғаған ерлеріміздің ерен ерлігі ел жүрегінде сақталып, бейбіт күнде дүниеге келген ұрпақтың болашағы жарқын болсын!

Қайтпас қайсарлық пен қаһармандық үлгісі – Отанға деген сүйіспеншілік пен адал еңбектен көрініс тауып, шәкірттеріңіздің алғысына бөленіңіздер!

Жерімізге тыныштық, жақындарыңызға амандық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!

 

Құрметпен ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Қансейітұлы ТҮЙМЕБАЕВ