Жаңалықтар

Шетелдік тыңайтқышқа балама өнім

16.05.2022

ҚазҰУ-да химия ғылымының докторы, профессор Мұхамбетқали Бүркітбаевтың жетекшілігімен құрамында күкірт бар препараттарды алу технологиясы әзірленді. Жоба «Құрамында күкірт бар жаңа нанокомпозиттер мен препараттар алу технологиясын әзірлеу және апробациялау» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды.

Мұхамбетқали Мырзабайұлынан бөлек, технолог Н.В.Бачилова, Ресей ғылым академиясының Сібір бөліміне қарасты В.С.Соболева атындағы Геология және минералогия институтынан Ф.Х.Уракаев және Башқұрт мемлекеттік университетінен И.А.Массалимов секілді ғалымдар жобаға атсалысты. Зерттеуді жүзеге асыру барысында күкірт негізіндегі әмбебап экологиялық таза препараттар алынды. Олар өсімдіктердің өсуін реттейтін қасиеті бар, микробқа қарсы және антифункционалды агенттер. Сондай-ақ құрылыс материалдарына арналған гидрофобизатор ретінде де қолдануға болады. Зерттеу ауқымды түрде жүргізілді. Себебі жұмысқа Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми зертханалары ғана емес, сондай-ақ «Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығы» АҚ, «ЦелСИМ» ЖШС, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ, «Амиран» Қазақ тағамтану академиясының зауыты» ЖШС және «Бахус Глобал» ЖШС сияқты коммерциялық кәсіпорындар, ғылыми институттар және республикалық маңызы бар ғылыми орталықтар тартылған болатын.

Алынған күкіртті өнім кейбір шетелдік тыңайтқыштар мен өсімдіктердің өсуін реттейтін, антифункционалды және микробқа қарсы агенттерді алмастыра алады. Әрі салыстырмалы түрде құны да арзан болмақ. Сонымен қатар алынған нәтижелерге сәйкес, күкіртті препаратты қолдану бидай мен сояның өнімділігін арттырды. Ал бұл препаратпен өңделген алма ағаштары мен жүзімдіктерде зиянды микроорганизмдердің көбеюі бәсеңдейді.

Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жас ғалымдары «Қазақстан, Сырдария өзені бассейніндегі ескірген және заманауи пестицидтер: бағалау, транспорт және өзенге құйылатын сулар» ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асырды. Олардың қатарында PhD докторы Бағдат Сатыбалдиев пен Қайрат Кеңес және химия ғылымының кандидаты Б.Оралбеков Сырдария бассейні суларын зерттеумен және мониторингпен айналысты. Ғалымдар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында сынамаларды іріктеу үшін инновациялық қондырғы әзірлейді. Осылайша оны Өзбекстан Республикасының шекарасынан Арал теңізіне дейін Сырдария өзені алқабына дала экспедициялары кезінде сәтті сынақтан өткізуге мүмкіндік алды. Ғылыми зерттеулер зертханада Небраска университетінің жетекші ғалымдарымен, оның ішінде профессор Даниел Сноумен ынтымақтастықта жүргізілді.

Жоба аясында жергілікті мектептердің мұғалімдерін судың физикалық-химиялық параметрлерін анықтауға және қоршаған ортаның сынамаларын алуға, сондай-ақ аймақтың экологиялық мәселелерін талқылауға тарту бойынша әлеуметтік жобалар жүргізілуде.

 

«Амиран» Қазақ тағамтану академиясының зауыты» ЖШС алқаптарында кіші ғылыми қызметкер Е.Керімқұлов құрамында күкірт бар препаратты дайындауда

 

«Амиран» Қазақ тағамтану академиясының зауыты» ЖШС соя алқаптары

«Бахус Глобал» ЖШС бақтарының аумағында құрамында күкірт бар препаратпен алма ағаштарын өңдеу барысы

Кафедра магистранты «Бахус Глобал» ЖШС жүзімдіктерінде құрамында күкірт бар препаратпен өңдегеннен кейін зиянды организмдердің өсуін бақылауда

 

Кәмила ДҮЙСЕН