- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ғылыми қауымдастық реформалардан шет қалмауы тиіс
16.05.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумға арналған кездесуі өтті.
Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен және білім алушы жастармен кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, «Амаnат» партиясының Алматыдағы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері Айдос Сарым және Жұлдыз Сүлейменова, сондай-ақ белгілі журналист, қоғам қайраткері Сергей Пономарев арнайы келіп, пікір алмасып, ой бөлісті.
Университет ректоры Жансейіт Түймебаев Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың қоғам үшін оң өзгерістер әкелетінін атап өтіп, референдумның тарихи маңыздылығына тоқталды.
«Бұл бастама жаңа Қазақстанның дамуындағы жаңа кезең құрылысы басталуының нышаны. Негізгі заңның 33 бабына енгізілген өзгерістер бүкіл Конституцияның үштен бірін құрайды. Алдағы референдум – мемлекетіміздің болашағын айқындайтын қадам.
Конституцияға ұсынылатын түзетулер ел үшін ерекше маңызға ие және бұл ретте ғылыми қоғамдастық шет қалмауы тиіс. Еліміздің болашағы әрқайсымызға байланысты. Сондықтан біз азаматтық ұстанымымызды көрсетуге дайынбыз. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай, белсенді қатысу – әрбір азаматтың борышы», – деді ректор.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан жиынға қатысушыларды реформаларды қолдауға шақырды: «Осындай күрделі геосаяси жағдайда біз үшін ең бастысы – бірлігімізді сақтау. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларды Парламентпен ақылдасып қана қоймай, халықтың ұсыныс-пікірін ескере отырып іске асыруды ұйғарды. Бұл ретте ел болашағы үшін әрбір азаматтың белсенді болуы өте маңызды. Референдумға шығарылған сауалдар жан-жақты талдап-таразылауды талап етеді. Сондықтан студент жастарға реформалардың мәні мен маңызын жеткізе білетін ұстаздарға үлкен үміт артылып отыр».
Белгілі журналист, қоғам қайраткері Сергей Пономарев өз сөзінде қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін референдум өткізудің маңыздылығына назар аударып, «ҚР Конституциясына енгізілетін барлық түзетулерді мұқият зерттеп, олардың уақыт талабына сай екеніне көз жеткіздім. Егер біз жаңа Қазақстанды құрғымыз келсе, оған жауапкершілікпен қарауымыз керек. Біз суперпрезиденттіктен күшті Парламенті және тәуелсіз үкіметі бар президенттік республикаға біртіндеп көшеміз. Сондықтан мемлекет тағдырын шешетін референдумға белсенді қатысайық», – деп атап өтті.
Кездесу аясында алдағы өткізілетін конституциялық реформалар кеңінен талқыланды, сондай-ақ қатысушылар өздерінің өзекті сұрақтарын қойып, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының толық және мазмұнды жауаптарын алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі