- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Жүрек-қан тамырлары ауруларына арналған имплантация
17.05.2022Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медицина және денсаулық сақтау факультеті Медицина жоғары мектебінің Клиникалық пәндер кафедрасының профессоры Қуат Абзалиевтің жетекшілігімен жоғары көтерілетін аортаның аневризмасы кезінде қақпақшасы бар кондуитті имплантациялаудың жаңа отандық тәсілі әзірленді. Қуат Абзалиев – Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ консультациялық-диагностикалық орталығының меңгерушісі, жоғары санатты кардиохирург.
Адам ағзасындағы ең үлкен артерия «аорта» деп аталады. Ол үлкен қысым арқылы жүректен қан алады және оны бүкіл денеге тамырлар арқылы таратады. Әдетте, ересек әйелдер мен ерлерде аортаның жоғары көтерілетін бөлігінің диаметрі шамамен – 3 см, төмен түсетін бөлігі – 2,5 см. Аортаның құрсақ сегментінің мөлшері одан да аз – 2 см. Бұл өте күшті және мықты қан тамыр. Алайда, мамандардың айтуынша, белгілі бір жағдайларда тамыр қабырғасы өте үлкен жүктемеге төтеп бере алмай, кеңейе бастайды. Бұл аорталық аневризманың дамуына әкеледі. Аорталық аневризма – артерия қабырғаларында қалыптан тыс дөңес, яғни дорба секілді кеңейтілген аймақтың пайда болуы. Мұндай жағдайға аорта қабырғасының беріктігі мен икемділігін төмендететін әртүрлі аурулар немесе жағдайлар себеп болуы мүмкін. Көбінесе бұл аорта қабырғасының атеросклерозы, кейде қабыну (аортит) және аутоиммундық аурулар, жарақат немесе дәнекер тінінің туа біткен жүйелік аурулары (мысалы, Марфан немесе Элерс-Данлос синдромы). Аорта аневризмасы асқынған жағдайда адам өміріне тікелей қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан жиі хирургиялық жолмен емдеуге тура келеді. Әлемдегі кардиохирургтер аорталық кондуитті аортаның тамырына бекітудің көптеген жолдарын ұсынады. Бірақ жүрек қызметі қалпына келтірілгеннен кейін қан кетуі жиі ұшырасады. Өйткені көбінесе жоғары қысым кезінде қолданылған тігістер арасында қан ағып, әртүрлі асқынуларға әкеледі.
Клиникалық пәндер кафедрасының профессоры Қуат Абзалиев жүрек-қан тамырлары ауруларына арналған имплантацияның жаңа әдістері жобасын Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаевпен бірге жүзеге асырған. Ғалымдар қазіргі таңда қолданыстағы имплантация әдістері өз тиімділігін көрсетіп отырғанын айтуда. Бірақ қосымша манипуляцияларды, яғни қосымша тігіс, синтетикалық материалдарды қолдануды талап етеді. Бұл операция уақытын ұзартады. Нәтижесінде миокард ишемиясының көбеюі жүрек жеткіліксіздігінің даму қаупін арттырады және сонымен бірге тігіс бойымен қан кетудің алдын алады.
Жоба авторлары ұсынған «П-тәрізді» тігістерді қолдану қан кетудің, тромбоздың және фистулалардың (денедегі патологиялық немесе жасанды түрде жасалған канал – авт.) пайда болуының алдын алу үшін қажет. Тромбоз кондуит манжетінің толық оқшаулануына байланысты пайда болмайды. Өйткені протездің манжеті талшықты сақина мен аорта қабырғасының қалдығы арасындағы қатпарға түседі. Қолқа саңылауында бекіту тігістерінің болмауы фистулалардың пайда болуына мүмкіндік бермейді.
Төсемдердегі «П-тәрізді» тігістер аорта қақпақшасының талшықты сақинасының астына салынып, төсемдерде көтерілетін аортаның сыртқы қабырғасына шығарылады.
Аорта аневризмасы кезінде аорта кондуитін имплантациялаудың ұсынылған әдісі Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да 22 пациентке сыналды. Бұл ретте қан жоғалту көлемін 1340+555 мл бақылау тобымен салыстырғанда 150 мл+54 мл-ге дейін азайтып, абсолюттік тиімділікті көрсетті.
Бұл әдіс аорта тамырынан қан кетудің алдын алу үшін өте тиімді. Сондай-ақ протезді бекіту, тромбоз, манжетте панус қалыптастыру және парапротездік фистулалар кезінде тығыздығы жоғары болады. Сонымен қатар аорталық клапан мен көтерілетін бөлімді ауыстыру кезінде аортаның ауыр зақымдануын емдеуде кардиохирургияда қолдануға болады. Осылайша ғалымдар ұсынған әдіс дәстүрлі әдістермен салыстырғанда айтарлықтай тиімді екенін дәлелдеп отыр.
1-сурет. Төсемдердегі «П-тәрізді» тігістер аорта қақпақшасының фиброзды сақинасының астына салынған және көтерілетін аортаның сыртқы қабырғасына шығарылған
2-сурет. Қиып алынғандағы кескіні. «Сэндвич» түріндегі протездің манжеті төменнен фиброзды сақинамен және аорталық клапанның қақпақтарының жұқа жолағымен, ал жоғарғы жағында көтерілген аортаның қалдықтарымен жабылған
3-сурет. Түйіндерді байлау кезеңі аяқталғаннан кейінгі көрініс. Бұл техника тігіс арасындағы қан кетуден сақтайды. Қан жоғалту күрт төмендейді, фистулалар мен тромбтар (протез панусы) пайда болмайды
Кәмила ДҮЙСЕН