Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігінің Сауда департаментінің өкілдерімен кездесу өтті.
Британ университеттері мен ҚазҰУ арасындағы ынтымақтастықты дамыту, бірлескен іс-шараларға қатысу, сондай-ақ тәжірибе алмасу және академиялық ұтқырлықты дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Тараптар әріптестікті дамытудағы алдағы қадамдар үшін басым мамандықтар мен ғылыми салалардың картасын әзірлеуге келісті. Келіссөздер барысында академиялық мәселелер жөніндегі проректор Фатима Жақыпова ҚазҰУ-дың шетелдік жоғары оқу орындарымен ғылыми-білім беру саласындағы тәжірибесі туралы баяндап берді.
Бүгінгі күні жетекші жоғары оқу орындарымен, институттармен ынтымақтастық туралы 400-ден астам халықаралық келісімге қол қойылған. Осы келісімдер аясында түрлі оқу-білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобалар Ұлыбританияның жоғары оқу орындарымен де табысты жүзеге асырылуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі