Жаңалықтар

Масс-медиа

26.05.2022

Масс-медиа және бұқаралық коммуникация саласының қолданыс аясы күн өткен сайын қанатын кеңге жайып келеді. Сондықтан да осы саладағы орныққан тіркестер мен күнделікті қолданыстағы терминдер және әр кезеңге сай ана тілімізге өзге тілдерден еніп, тұрақтап жатқан сөздер де белгілі бір лексографиялық және лингвистикалық заңдылықтарға бағынады. Себебі қазіргі таңда кез келген салада БАҚ-тың араласпайтын не қолданылмайтын саласы жоқ. Осыған орай, бүгінгі ақпарат ғасырында ауызекі және тілдік қолданыс аясын түрлі лексикалық топтар мен терминологиялық бірліктер нәтижесінде еселей толықтырып отырғанда сан миллиардтаған аудиториямен қарым-қатынастағы масс-медиа және коммуникация тілінің маңызы арта түсуі де заңдылық.

Масс-медиа және коммуникация қызметі әлем халықтарының күнделікті бір-бірімен тілдесулері және өзара түсінісулеріне негіз қалай отырып, Қазақ елінің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени және өзге де салалардағы тамаша табыстары мен жетістіктерін миллиондаған аудиторияға паш етуде. Масс-медиа – көп ақпараттар тарату құрылғысы, ұйымдастырылған техникалық кешен. Кез келген мәліметті ғаламтор, теледидар, газет-журналдар арқылы оқып, көріп, естіп-біліп жатамыз. Бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) – арнайы техникалық құралдардың көмегімен кез келген тұлғаға әртүрлі мәліметтерді ашық жариялауға арналған әлеуметтік мекемелер. БАҚ-тың білімдік қызметі азаматтарға әртүрлі ғылым саласынан – қоғамдық-гуманитарлықтан жаратылыстану ғылымдарына дейінгі танымдық хабарларды дайындап, таратуынан көрініс табады. Әрине, ол толыққанды, жүйелі, арнайы оқу орындарында берілетін ғылымды қамтамасыз ете алмайды. Дегенмен де қазіргі қоғамда адам өз өмірінің әр кезеңінде білімнің басым көпшілігін осы БАҚ арқылы алады.

БАҚ-тың атқаратын қызметі әртүрлі, сарапшылардың пікірінше, олардың аса маңыздыларына мыналар жатады: ақпараттық, білімдік, әлеуметтендірушілік, мүдделерді тоғыстырушы, саясат субъектілерінің ықпалдасуы, жұмылдыру. Бір сөзбен айтқанда, БАҚ дегеніміз – күнделікті теледидар, радио, мерзімді баспасөз басылымы және интернет сайттар. Ал оған қоса, жаңа медиа мен жаңа ақпараттық технологиялардың ақпарат таратып, ақпарат жинақтауын да қосуға болады. Наполеон: «Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор», – деген. 

Біз бүгін баршамыздың өмірімізді де, жұмысымызды да, күнделікті қарым-қатынасымызды да түбегейлі өзгертетін алапат индустриялық революцияның бастауында тұрмыз. Бұл төртінші революция ауқымы, қарымы мен күрделілігі революция жағынан осы уақытқа дейінгі адамзат тарихындағы құбылыстардың барлығынан асып түседі. Жасанды интеллектінің, роботтандырудың, робот-автомобильдердің, 3D басып шығарудың, нанотехнологияның, биотехнологияның дамуымен және тағы да басқа толып жатқан ғажайыптардың пайда болуымен барлық салада қарыштап көкке өрлейтін, таңғаларлық технологиялық дүмпуге куә болмақпыз. Бүкіләлемдік экономикалық Давос форумының негізін қалаушы және тұрақты президенті Клаус Шваб осындай алапат өзгерістердің әлеуетін алдын ала болжап, терең байыптап, оны адамзат игілігіне жарату жолдарын қарастыратын еңбек жазған. Демек, бұл кітап адамзаттың ортақ болашағы үшін алаңдайтын және революциялық технологияларды қоғам тіршілігіне икемдеуге ниетті жасампаз ортаға арналған.

БАҚ еркіндігі адам бостандығының маңызды алғышарты болып және қоғам мен мемлекеттегі жоғарғы құндылық екені даусыз. Себебі бұқаралық ақпарат еркіндігінсіз, яғни сөз еркіндігінсіз азаматтық қоғамды елестету мүмкін емес. Демек, тәуелсіз қоғамдық бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мен оның демократия үшін маңыздылығын зерттеп, ескеруіміз тиіс. Тіл қашанда ұлттық идеяның басты құрамдасы жəне мемлекеттік идеологияның негізі болды. Оның үлгілерін қазіргі заманғы тарихтан көптеп келтіруге болады. Алпауыт ақпарат ғасырының легі күн сайын қарыштап дамуда. Әлемде ешкім тоқтата алмайтын екі нәрсе бар. Оның бірі уақыт болса, екіншісі – ақпарат. 

Шындығына келгенде, адам ақпаратсыз өмір сүре алмайды. Қай ғасырды алып қарасақ та, адамдар қандай құралмен болсын ақпарат алмасқан. Жаңа медиа – жаһанданудың үлгісі ғана емес, жаңалық берудің жаңа жаршысы.

 

Сәуле ТҰРСЫНҚАЛИ,

журналистика факультетінің 2-курс студенті