- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Екі ел Президенттері Қырғызстандағы ҚазҰУ филиалының ашылуына қатысты
26.05.2022Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстан Республикасына ресми сапары аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Қырғызстан Білім және ғылым министрі Алмазбек Бейшеналиев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мәртебелі меймандарды қарсы алған Жансейіт Түймебаев алдымен ашылып жатқан ҚазҰУ филиалы туралы ақпарат берді.
«Бішкек қаласында орналасқан филиалда 13 білім беру бағдарламасы іске асырылады. Оқу бағдарламасы қырғыз, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Студенттер бакалавриат пен магистратураға оқуға түсіп, білім ала алады. Білім алушы жастарға филиалда 50 оқытушы сабақ береді. Оның 15-і Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мұғалімі болса, қалғаны Қырғызстан оқытушылары. Сондай-ақ қорытынды аттестаттаудан сәтті өтіп, білім беру бағдарламасын меңгерген білім алушыларға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дипломы берілетін болады. Филиалдың жыл сайын 300-ге жуық студентті қабылдауға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар 10 дарынды жасқа ҚазҰУ дәстүрлі түрде грант бөліп отырады», – деді ректор.
Сондай-ақ Жансейіт Түймебаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің соңғы жылдардағы жетістіктеріне тоқталды.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – әлемдегі үздік 200 университеттің қатарына кіретін Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз жоғары оқу орны. Биыл біздің университетте әлемнің 30 елінен келген 100-ден астам оқытушы-профессорлар дәріс өткізді. Сонымен қатар біздің 40-тан астам профессор Венгрия, Германия, Моңғолия, Франция, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан және басқа елдердің университеттерінде дәріс жүргізді.
Биылғы 9 мамыр күні Түркияның Ыстамбұл қаласында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филиалы ашылған болатын. ҚазҰУ Орталық Азияның жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста. Орталық Азия университеттерімен ынтымақтастық туралы 30-ға жуық келісімге қол қойылған болса, соның 12-сі Қырғыз Республикасының жоғары оқу орындарымен жасалған келісім. Бүгінде ҚазҰУ-ды бітірген түлектеріміз Қырғызстан Республикасында мемлекеттік және өзге де салаларда табысты еңбек етуде», – деді университет ректоры Жансейіт Түймебаев.
Филиал міндеті:
- Бірыңғай Еуразиялық білім беру кеңістігін қалыптастыру.
- Білікті кадрлар даярлау.
- Республикаларда мамандарды қосымша кәсіптік даярлау бойынша еңбек нарығы талап ететін кәсіби және білім беру бағдарламаларын енгізу және іске асыру.
- Қазақстан және Қырғызстан қажеттіліктерімен белгіленген бағыттар бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу.
- Кәсіпорындармен, бизнес-құрылымдармен, мемлекеттік билік органдарымен, ЖОО-лармен, ғылыми-зерттеу институттарымен, оқу-ғылыми орталықтарымен өзара байланыс орнатып, жұмыс істеу.
- ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер үшін білікті мамандар даярлау және қайта даярлау жүйесінің құралы ретінде үздіксіз білім берудің тұтас жүйесін құру.
- Филиалдың ақпараттық инфрақұрылымының материалдық-техникалық базасын дамыту.
Іс-шара барысында мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров оқу аудиторияларын аралап, кітап көрмесімен танысты.
Филиал жүмысымен танысып болғаннан кейін екі ел басшылары мәртебелі қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Айта кетейік, ҚР Президенті Садыр Жапаров 2021 жылдың 2-3 наурызында Қазақстанға ресми сапармен келген еді. Осы сапар аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, екі ел Президенті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалын Бішкекте ашу туралы шешім қабылдаған болатын.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі