- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Беларусь ҒЗИ-ларымен әріптестік орнайды
02.06.2022Беларусь Ұлттық ғылым академиясының өкілдері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келді. Құрметті меймандар университет ғалымдарымен кездесіп, ғылыми-инновациялық жобалармен және ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарымен танысты.
Кездесуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қазақстанда ғылымды дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті. «Ғылым – қоғамның қозғаушы күші, барлық саланың даму негізі. Біз ғылымдағы әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, жаңа нәтижелерге жетуге ұмтылуымыз қажет. Мемлекет тарапынан ғылымды дамыту үшін айтарлықтай көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі таңда біз білім беру бағдарламаларын жаңартудамыз. Жоғары оқу орнының басты басымдығы – ғылымды дамыту. Бүгінде ҚазҰУ еліміздің білім беру және ғылыми әлеуетін күшейту бойынша маңызды қадамдар жасауда», – деді ректор.
Кездесу барысында Беларусь ҰҒА төрағасының орынбасарлары Петр Витязь бен Александр Кильчевский және Беларусь Ұлттық ғылым академиясының академигі Владимир Агабеков университет қызметі мен ғалымдардың ғылыми жобаларын жоғары бағалап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Біз Қазақстанмен бірге көп жылдан бері бірлесіп жұмыс атқарып келеміз. Бірқатар ғылыми зерттеулер мен ортақ жобаларымыз бар. Осындай кездесулер ғалымдардың тәжірибе алмасуы үшін өте маңызды. Біз бір-бірімізден көп нәрсені үйреніп, бірге нәтижелі табыстарға жете аламыз», – деді Александр Кильчевский.
Өз кезегінде Владимир Агабеков: «Мен ҚазҰУ-да соңғы рет 2004 жылы болдым. Сол жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өзгерістер орын алғанын көруге болады. Бүгін білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысып, ғылыми жобаларға қанықтық. Бізге өте қатты ұнады. Қазіргі таңда ғылымды дамыту әлем елдерінің алдында тұрған негізгі мақсат. Ғылымды дамыту арқылы кез келген жетістіктерге жетуге мүмкіндік туады. Ал Қазақстандағы ғылымды дамытуда Қазақ ұлттық университетінің алатын орны ерекше», – деп атап өтті.
Жиын барысында университет ректоры Жансейіт Түймебаев Беларусь ғылыми-зерттеу институттарымен серіктестік орнату бойынша өз ұсынысын білдірді. Бұл бастама ғылыми жобаларды бірлесіп жасауда үлкен мүмкіндік болатынын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі