- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Басты бағдар – білікті маман болу
07.06.2022ҚазҰУ-дың «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы білім теңізіне енді ғана бойлаған студенттерге әлемнің түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарында тәжірибе жинақтауға жол ашты. Сол арқылы мен де Польша мемлекетіндегі Варшава жаратылыстану университетінде (SGGW) оқуға мүмкіндік алдым.
Польшадағы білім жүйесі арқылы біз жергілікті қаржы, ілгерінді макроэкономика, бизнес ашу негіздері, ұйымдастыру және шығару экономикасы, адами капиталды басқару, еңбек экономикасы, тұрақты өңірлік даму сияқты заманауи әрі өзекті пәндерді жаңа қырынан таныдық.
«Тұрақты өңірлік даму» пәні қызықты және практикалық білімді арттыру жағынан өте тартымды өткізілді, өте көп пайдалы мағлұматтар берілді. Ең қызықты бөлігі Варшава маңындағы мектепке сапарымыз болды. Жоба мектеп бағдарламасымен, Польша мектептерінің білім беру жүйесімен және өңірдің экономикалық дамуын ұйымдастырумен таныстыруға арналды. Біз білім алушы студенттерге таныстыру үшін қызықты тақырыптар бойынша презентациялар дайындадық. Бұл менің мектептерге барып жұмыс істеудегі алғашқы тәжірибем болды.
Экономика саласын меңгеру барысында аса маңызды және пайдалы тағы бір пән – «Ұйымдастыру және шығару экономикасы». Профессор әр сабақта белгілі бір кәсіпорынның түрлі көрсеткіштерін нақты мысалда қалай есептеу керектігін көрсетті. Бұл білімімді шыңдауға зор септігін тигізді. Сонымен қатар емтихан жұмысының форматы осы пән бойынша алған білімімізді жан-жақты ашып көрсетуге бағытталып, күрделі есептеулерді өз бетімізше жүргізуді үйренгеніміз және оны болашақта іс жүзінде пайдалана алу дағдысы бізге үлкен тәжірибе болды.
ҚазҰУ-ға келгелі экономика салаларының даму мәселелері жайында зерттеулерге деген қызығушылығым оянған еді. Осында жүріп экономика негіздеріне бойласақ, «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы арқылы шетелдік білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне қанықтық. Біріншіден, білімді бағалау жүйесі студенттердің көңілінен шықты. Шәкірттің әр сабақ сайын алған білімі емес, соңғы нәтижесі бағаланады. Сондықтан Варшава жаратылыстану университетінде оқу біз үшін үлкен тәжірибе болды деп айтуға толық негіз бар.
Томирис БАЛТАБАЙ,
«Экономика» мамандығының
4-курс студенті