Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Түркия Президентінің Ұлттық кітапханасының директоры Айхан Туглумен кездесу өткізді.
Жүздесуде тараптар ынтымақтастық орнату және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Алдымен Жансейіт Түймебаев университет аумағында орналасқан Орталық Азия жоғары оқу орындары арасындағы ең үлкен кітап қорына ие Әл-Фараби кітапханасы туралы ақпарат берді. Сондай-ақ өз сөзінде білім ордасының басшысы қос кітапхана арасында ынтымақтастық орнату және дамыту мақсатында меморандум жасасуды ұсынды.
Өз кезегінде құрметті мейман Түркиядағы Ұлттық кітапхана туралы Жансейіт Түймебаевқа кеңінен мәлімет берді.
«Түркия Президентінің Ұлттық кітапханасы бір уақытта 5500 оқырманға қызмет көрсете алады. Қорда 2 миллионнан астам кітап және 2 миллионға жуық журнал бар. Сонымен қатар 550 000 электрондық кітап, 6 500 000 электрондық диссертация және 60 000-ға жуық электрондық журнал мен 120 000 000 мақала мен баяндама сақталған. Мәдени орталықта Түркия президенттерінің кітаптары мен 16 буын Түрік империясына қатысты кітаптар орналастырылған. Оқырман үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Мәселен, келушілер үшін демалыс және интернет бөлмесі, балаларға арналған орын және асхана қарастырылған», – деді Айхан Туглу.
Сонымен қатар Түркия Президентінің Ұлттық кітапханасының директоры серіктестік орнатуға бағытталған бастаманы қолдайтынын жеткізді.
Кездесу соңында қос тарап сыйлықтармен алмасып, естелік суретке түсті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі