Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «2030 жылға дейінгі күн тәртібіндегі тиімді зерттеулер» атты семинар өтті. Оған БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабы болып табылатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері негізгі спикер ретінде қатысты.
Әлемнің түкпір-түкпірінен 300-ден астам маман бас қосқан онлайн шараны Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасы (UNAI) кеңсесі ұйымдастырды.
Семинардың басты мақсаты – Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілету, әлемдік университеттер ғалымдарының тәжірибе және білім алмасуы, осы бағыттағы іс-шаралардың идеялары мен мүмкіншіліктерін талқылау мақсатында академиялық топтарда жүргізіліп жатқан жұмыстар мен зерттеулерді талдау және зерделеу.
Жиында жетекші университеттің тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асырудағы қызметі, жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер туралы кеңінен таныстырылды. Тұрақты даму институтының директоры Айжан Смаилова, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Виталий Сальников және декан орынбасары Айна Рысмағамбетовалар баяндаған университет тәжірибесі ұйымдастырушылар мен көптеген халықаралық сарапшылардың қызығушылығын тудырды.
ҚазҰУ 2011 жылы БҰҰ-ның халықаралық деңгейде мойындалған он қағидатын қолдауға бағытталған «Академиялық ықпал» бағдарламасына Орталық Азия университеттері арасында бірінші болып қосылды.
2014 жылдан бастап әлемдегі мыңдаған ЖОО арасында қара шаңыраққа тұрақты даму бойынша UNAI жаһандық хабы қызметін атқару құрметі жүктелді.
Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуына 30 жыл толған биылғы мерейтойлық жылы ҚазҰУ тағы да UNAI хабының мәртебесін ұзарту туралы шешімге ие болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі