Жаңалықтар

МАРМАРА УНИВЕРСИТЕТІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАНДАНАДЫ

22.06.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Мармара университетінен (Түркия) делегация келді. Кездесуде екіжақты ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды.

Білім ордасына арнайы келген қонақтар алдымен ҚазҰУ мұражайын аралап, университет тарихымен танысты.

Делегация құрамына Мармара университетінің проректорлары – Мұстафа Челен мен Хасан Қорқыт, бас хатшы Мұрат Арисал және халықаралық қатынастар және академиялық ынтымақтастық басқармасының бас директоры Нури Тиназ кірді.

Кездесуде сөз алған Мармара университетінің проректоры Мұстафа Челен ерекше қонақжайлылығы үшін университет басшылығына ризашылық білдірді. Ол Орталық Азия және Қазақстанның ең үздік білім ошағының бірі – ҚазҰУ-дағы басқосуды мәртебе санайтынын айтты. Сонымен қатар құрметті қонақ Мармара университетінің қызмет аясымен таныстырып, өзара ықпалдастықты арттыру мақсатын жеткізді.

Өз кезегінде ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Хайдар Тасыбеков университет жетістіктеріне тоқталды. Ол ҚазҰУ бүгінде әлемдік зерттеу университетіне бағыт алғанын атап өтті. Биыл қара шаңырақ QS халықаралық рейтингінде 150-орынға көтеріліп, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін кезекті рет дәлелдеп берді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары аясында Ыстамбұл мен Бішкекте ҚазҰУ филиалы ашылды. Қазіргі таңда ҚазҰУ әлемнің 500-ден астам үздік және жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істейді. Оның ішінде проректор бірқатар Түркия университеттерімен әріптестік орнағанына назар аударды. ҚазҰУ-да ТҮРКСОЙ орталығының табысты қызметіне тоқтала келе, халықаралық ынтымақтастық бағытындағы іскерлік қатынасты одан әрі дамытуға қолдау білдірді.

Сонымен қатар кездесу барысында ғылымды күшейтуге бағытталған ортақ жобаларды жүзеге асыру, академиялық ұтқырлық, Эразмус Мундус аясында тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылды.

Нәтижесінде тараптар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Мармара университеті арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясындағы әріптестікті жандандыру жөнінде уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі