Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподақ ұйымы бірінші сыныпқа баратын балаларға биыл алтыншы рет арнайы сөмкелер мен оқу құралдарын сыйға тартты.
Бұл университетте жұмыс істейтін ата-аналарды әлеуметтік қолдау үшін жақсы дәстүрге айналды.
Кәсіподақ комитетінің шешімімен биыл мектеп табалдырығын аттайтын 245 балаға мектеп сөмкесі және оқу құралдары сыйға тартылды.
Игі іс-шара биыл Әл-Фараби атындағы кітапхана ғимаратында ұйымдастырылғандықтан, балаларға сыйлық тапсыру рәсімі ерекше жағдайда өтті.
Аниматорлар балалардың көңіл күйін көтеріп, ұйым өкілдері мен оқытушы-профессорлар балалардың жақсы оқуына шынайы тілектестік білдірді.
Академик Берекет Кәрібаев балаларға ірі ғалым болу үшін портфельге қандай заттарды салу керегін айтты. Заң факультетінің профессоры Серікқали Тыныбеков пен тарих факультетінің қауымдастырылған профессоры Еділ Ноянов та өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.
ҚазҰУ қызметкерлері «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев жобаның әлеуметтік маңызына тоқталды.
«Бірінші сынып оқушысына сөмке дайында!» акциясы біздің көптеген қызметкерлерге балаларын мектепке дайындауға көмектеседі. Ата-аналары университетте жұмыс істейтін болашақ бірінші сынып оқушыларына оқуға қажетті құралдарды тапсыру ұжымдық мәдениеттің бір көрінісі», – деді кәсіподақ төрағасы.
Кәсіподақ ұйымы мүшелері Әл-Фараби кітапханасының директоры Ақбөпе Сикинбаеваға мерекені ұйымдастыруға көмектескені үшін алғыс білдірді.
Ольга ЛОЖНИКОВА,
ҚазҰУ қызметкерлері «Парасат» кәсіподағы төрағасының орынбасары