Жаңалықтар

ҒҰЛАМАЛАР ЖАЙЛЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ ӨТТІ

29.06.2022

     Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде хадистанушы, PhD докторы, аға оқытушы Азамат Жамашевтың «Сайын даланың саңлақ ғұламалары» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға «Ғылым ордасының» өкілдері, өңірлік университет зерттеушілері, оқытушы-профессорлар қауымы мен жас ізденушілер қатысты.

    Еңбекте қазақ даласында орналасқан ортағасырлық қалалардың жағдайы, қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, діни жағдайы мен тұлғалары жайлы жан-жақты баяндалады.

     Салтанатты рәсімді ашқан философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев кітаптың ерекшелігі мен жаңашылдығына тоқталды.

    «Зерттеу барысында қазақ, орыс, араб, түрік, ағылшын тілдерінде жазылған қазіргі діни айналымда болмаған дереккөздер қаралған және XX ғасырға дейін өмір сүрген 437 тұлғаның ғұмырнамасы баяндалған. Бұл қазақстандық ғылымға қосылған сүбелі үлес деп ойлаймыз», – деді факультет басшысы.

    Жалпы кітап құрылымы бес экономикалық ауданға топтастырылған 14 облысты қамтиды. Алдымен облыс жайлы қысқаша анықтама беріліп, ондағы ортағасырлық қалалар жөнінде мәлімет көрсетілген. Осындай қысқаша ақпараттық мәліметтен кейін өлкенің XX ғасырға дейінгі діни ахуалы, мешіт-медреселері мен тұлғалары жайлы дерек қамтылған. Соңында тұлғалар ғұмыр кешкен аудандар суреттелген карта мен олардың өмір сүру хронологиясы жазылған тізім қойылған. Зерттеу барысында қазақ, орыс, араб, түрік, ағылшын тілдерінде жазылған 400-ден аса дереккөз қаралып, кітапқа енген.

     Сондай-ақ жиында сөз алған ғалымның әріптестері ғылыми ізденіс жүргізуде автор тарапынан шетелдік тәжірибелердің тиімді пайдаланылғанын атап өтті. Олардың айтуынша, басылым ұзақ уақытқа созылған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде шығып отыр.

    Азамат Жамашев – «Хадис – ғылым бұлағы», «Хадистану ілімі» кітаптарының және өзге де көптеген ғылыми жарияланым авторы. Бүгінде қара шаңырақта философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасында ұстаздық етеді.

    Шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасы, Дінтанулық зерттеулер және экспертизалар орталығы мен Әл-Фараби орталығы бірлесіп ұйымдастырды.