Жаңалықтар

ҚазҰУ ғылыми әлеуетін арттырады

30.06.2022

     Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында оқытушы-профессорлар құрамы, кафедралар мен факультеттердің 2021-2022 оқу жылындағы индикативтік жоспары және рейтинг қорытындысы қаралды.

        Күн тәртібіндегі басты тақырыпқа орай, Стратегиялық даму орталығының директоры Гүлшарат Минажева баяндама жасады.

     «ҚазҰУ жуырда QS рейтингінде 25 сатыға көтеріліп, әлемнің үздік жоғары оқу орындарының 150 тобына кірді. Бұл жаңа мәртебе жоғары оқу орнының басшылығы мен ұжымы үшін үлкен жауапкершілік. Оған қоса, тынымсыз еңбек пен нәтижелі жұмысты талап етеді. Өткен оқу жылының индикативтік жоспар қорытындысы бойынша оқытушы-профессорлар құрамы жақсы нәтиже көрсетті. Бұл өз кезегінде QS рейтингінің жалпы көрсеткіштеріне әсер етті», – деді орталық директоры.

   Жүргізілген мониторинг бойынша университет академиялық бедел, оқытушылар мен студенттердің арақатынасы, жұмыс берушілер арасындағы бедел, бір оқытушыға дәйексөз индексі, шетелдік оқытушылар мен студенттердің үлесі, жұмысқа орналасу нәтижелері, халықаралық зерттеу желісі сияқты индикаторлар бойынша жақсы балл жинады. Гүлшарат Салауатқызы ҚазҰУ өз көрсеткіштерін одан әрі жақсартуда үлкен әлеуетке ие екенін баса айтты. Ол сонымен қатар факультеттер арасында индикативтік көрсеткіштердің орындалу барысын саралай келе, анықталған кейбір мәселелерге тоқталды. Мәселен, 2021-2022 оқу жылына арналған индикативтік жоспардың бағыты ОПҚ үшін 34 негізгі көрсеткішті және 24 кіші көрсеткішті қамтиды. Ал факультет үшін 27 негізгі көрсеткіш және 13 кіші көрсеткіш қойылған. ОПҚ арасында рейтингтік ұпайларды бөлуді талдау кезінде ең жоғары көрсеткіш тек бір оқытушыда 1000 балдан жоғары болды. Нәтижесінде 3082 рейтингтік сауалнама зерттелді және университет бойынша орташа балл 8-ге тең болды. Биыл физика-техникалық, химия және химиялық технология, биология және биотехнология, IT, тарих және т.б. факультеттер жоғары балмен ерекшеленді.

   Көрсеткіштер деңгейін арттыру үшін әрбір кафедра мен факультет ғылыми метрикалық көрсеткіштерді арттыру бойынша жұмысты жандандыру, жоғары рейтингілі журналдардағы мақалалар саны мен олардың дәйектелу индексін көбейту, білім беру бағдарламаларын "Атамекен" ҰКП, QS by subject & THE by subject пәндік рейтингтері бойынша ілгерілету, сондай-ақ жаһандық бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтеру бойынша арнайы топтың қызметін күшейту жұмыстарын атқаруы тиіс.

    Сонымен қатар мәжілісте IT-инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Ғалымжан Сариев хабарлама жасады. Ол университеттің ІТ-инфрақұрылымын жаңа оқу жылына дайындау туралы мәлімет беріп, халықаралық сапа стандарттарына сәйкес болу үшін жүзеге асырылатын алдағы жоспарлар туралы айтты.

    Сондай-ақ жиын соңында Түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу институтын құру, Археология және дала өркениеті ғылыми-зерттеу институтының атауын Археология және антропология ҒЗИ-ына өзгерту және университет ғалымдарына ғылыми атақтар беру жөніндегі ұсыныстар мен өзге де өзекті мәселелер қаралды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі