Жаңалықтар

ҚАЗҰУ МЕН ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКА ИНСТИТУТЫНЫҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ НЫҒАЯ ТҮСЕДІ

05.07.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің "Ядролық физика институты" РМК өкілдерімен кездесті. Жүздесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында университет ректоры Жансейіт Түймебаев құрметті меймандарға бірқатар нақты ұсынысын білдірді.

«Жемісті ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдаймыз. Біз ортақ ғылым мен техниканы дамытудың басым бағыттары бойынша бірлескен ғылыми іргелі және қолданбалы зерттеулерді ұйымдастыруға және жүзеге асыруға дайынбыз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім ордасындағы оқытушы-профессорлар құрамының біліктілігін арттыру үшін қажетті курстарды өткізуге дайын», - деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде  Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев Жансейіт Қансейітұлы ұсынған бастамаларды қолдап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін атап өтті.

«Біздің институт базасында 20 ғылыми-зерттеу зертханасы, зерттеу реакторы, сындарлы стенд, заманауи талдамалық эксперименттік жабдығы бар үш ғылыми-техникалық және екі оқу орталығы жұмыс істейді. Біздің ынтымақтастығымыз жоғары білікті кадрларды даярлауда айтарлықтай үлес қосады деп ойлаймын. Сондай-ақ биыл қыркүйек айында Ядролық физика институтының 65 жылдығы аталып өтетінін айтқым келеді. Осы ауқымды іс-шара аясында бес халықаралық деңгейдегі жиын өткізу жоспарланып отыр. Сіздерді де осы іс-шараға қатысуға шақырамын», - деді Саябек Сахиев.

Қорытындылай келе, қос тарап бірлескен жобалар бойынша жұмысты одан әрі жандандыруға дайын екендерін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Ядролық физика институты арасында консорциум құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Осы бастама арқылы бакалавриат, магистратура және докторантурада білікті маман даярлауда бірлескен білім беру бағдарламалары іске асырылатын болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі