Жаңалықтар

Кореялық институт ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

12.07.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Кореяның Еуразия ғылымдары және түркология институтының директоры О Ын Ген ханымды қабылдады.

Жүздесуде екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, алдағы уақытта атқарылатын ортақ жобалар талқыланды.

Құрметті қонақ алдымен ҚазҰУ басшылығына қонақжайлығы үшін алғыс білдірді. Профессор О Ын Ген Қазақстан Республикасының Кореядағы елшілігі арқылы арнайы келгенін жеткізіп, жетекші білім ордасымен терең ықпалдастық орнату ниетін жеткізді. Түркітанушы ғалым бүгінгі таңда Қазақстанды зерттеп жүргенін тілге тиек етті.

Өз кезегінде оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев шетелдік ғалымды университет жетістіктерімен таныстырды. ҚазҰУ бүгінде әлемнің ең үздік 150 жоғары оқу орнының қатарына енді. Әлемнің 500-ден астам жетекші университетімен ынтымақтастық орнатқан. 120 қос диплом бағдарламасы арқылы студенттер әлемнің үздік университеттерінде ҚазҰУ-мен қатар білім алып, тағылымдамадан өте алады. Оқу орнында Жер шарының 50 елінен жастар білім алуда.

Сонымен қатар ректор университетте түркітануды тереңдету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Осы мақсатта ҚазҰУ-да Түркітану және тіл теориясы кафедрасы жұмыс істейтінін айтып, түркітану саласындағы зерттеулерді бірлесіп алға жылжытуды қолдайтынын білдірді.

Кездесуге ҚазҰУ-дың Түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі Раушан Авакова да қатысып, пікір бөлісті.

Сондай-ақ әңгіме барысында білім, ғылым саласындағы әріптестіктің өзге де мәселелері қарастырылды. Тараптар алдағы уақытта түркі әлемі жобасын дамыту үшін келіссөздер жүргізуге уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі