- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қазан федералдық университеті байланысты арттыруға ынталы
22.07.2022Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Қазан (Еділ бойы) федералдық университетінің делегациясы келді. Жұмыс сапары аясында өткен кездесуде екі тарап университеттер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Қазан федералдық университетінің делегациясын оқу ордасының сыртқы байланыстар жөніндегі проректоры Тимирхан Алишев бастап келді.
Кездесуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиева ҚазҰУ-дың жетістіктері мен білім ошағының алдағы мақсат-мұратына тоқталды. Ол өз сөзінде: «Бүгінде университет QS рейтингінде 150-орында тұрған жетекші көпсалалы университет. Биыл Түркия мен Қырғыз елінде филиалдарымыз ашылды. Сондай-ақ университетіміз бес жыл бойы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму жөніндегі академиялық ықпал ету бағдарламасының жаһандық хабы болғанын ерекше атап өткім келеді», – деді.
«ҚазҰУ-дың Ресей университеттерімен ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастықта бай тәжірибесі бар. Атап айтқанда, осы күні Ресей Федерациясының жетекші оқу орындарымен арада 190-нан астам ынтымақтастық келісімге қол қойылған. Келісім аясында түрлі білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Оның жарқын мысалы ретінде желілік университеттерді атауға болады. ТМД желілік университетінің құрамында ҚазҰУ Ресей Федерациясының бірқатар жоғары оқу орындарымен бірге қосдипломдық магистратура бағдарламаларын іске асырады», – деді проректор.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ресей Федерациясының жетекші жоғары оқу орындарымен арадағы өзара тығыз іс-қимылды ескере отырып, инженерлік ғылымдар мен технологиялар, медицина мен денсаулық сақтау ғылымдары, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы ынтымақтастықты, мамандарды бірлесіп даярлауды одан әрі нығайтуға сенім артады», – деп сөзін қорытындылады операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиева.
Қазан (Еділ бойы) федералдық университетінің сыртқы байланыстар жөніндегі проректоры Тимирхан Алишев ҚазҰУ басшылығына жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, екі университет арасындағы байланысты нығайтуға үлкен қызығушылық танытты. «Ол үшін барлық жағдай жасалған, ғылыми-техникалық, материалдық база және біздің елдердің белгілі ғалымдары мен педагогтерінің мол тәжірибесі бар», – деп атап өтті құрметті қонақ.
Қазан (Еділ бойы) федералдық университеті – 200 жылдан астам бұрын құрылған Ресейдегі ең көне университеттердің бірі және Татарстанның негізгі білім беру орталығы.
Кездесу барысында бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, қосдипломдық білім беру, студенттермен академиялық алмасу және тағылымдамадан өту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ медицина және денсаулық сақтау сияқты салаларда құқық, тарих, радиофизика және IT технологиялар, бизнес пен менеджмент және т.б. бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мақсатында ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттары жөніндегі ой-пікір ортаға салынды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі