Жаңалықтар

ҚазҰУ-да грантқа құжаттар қабылдау аяқталды

25.07.2022

ҚазҰУ-да мемлекеттік грант байқауына қатысу үшін талапкерлерден құжат қабылдау аяқталды. Биыл өткен жылмен салыстырғанда байқауға қатысушылар саны екі есеге артты. 

Құжат қабылдау 2022 жылдың 13 шілдесінде басталған болатын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы барлық тілек білдіруші талапкерлерге есігін айқара ашты.

Талапкерлер мен ата-ана жайлылығы үшін кезек QR-кодты сканерлеу әдісімен электрондық форматта ұйымдастырылды. Сканерлеуден кейін талапкерлер тіркеуден өтіп, факультетті таңдап, байланыс мәліметтерін қалдырды. Сондай-ақ Microsoft Team арқылы онлайн форматта   талапкерлерден құжат қабылданып, қажетті кеңес берілді.

Нәтижесінде «бакалавр» оқу формасының грантқа арналған байқауына қатысуға ниет білдірген талапкерлердің жалпы саны 2871 адамға жетті: оның ішінде 2722-сі – офлайн, 149-ы онлайн қабылданды. Қабылданған құжаттар саны 1810-ды құрады.

Осы кезеңде (13-20 шілде аралығы) университет докторантурасына грантқа үміткерлер құжаттарын қабылдау қатар жүргізілді. 2022 жылдың 22 шілдесіндегі көрсеткіш бойынша қабылданған құжаттар саны 107 бірлікті құрады.

Биыл құжат қабылдау науқаны өткен жылмен салыстырғанда үлкен тиімділік көрсетті. Атап айтсақ, 2021 жылдың жиынтығы «бакалавр» бағдарламасы бойынша – 1112, «докторантура» бойынша 64 адамды құрады.

Егер қабылдау комиссиясының нәтижелері бойынша өзіндік рейтинг ұсынсақ, онда оқуға түсушілер арасында биыл танымал бакалавриат бағдарламалары:

  1. Экономика және бизнес жоғары мектебі. «Менеджмент және басқару», «Қаржы, экономика, банк және сақтандыру ісі», «Маркетинг және жарнама».
  2. Ақпараттық технологиялар факультеті. «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік».
  3. Журналистика факультеті. «Аудиовизуалды құрылғылар және медиа өндіріс», «Сән, интерьер дизайны және өнеркәсіптік дизайн», «Журналистика және репортер ісі».

Естеріңізге сала кетейік, ақылы негізде оқуға ниет білдірушілер үшін құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі