Жаңалықтар

«Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру гранттарына байқау жариялады

29.07.2022

«Қазақстан халқына» қоры «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асыру аясында гранттар мен шәкіртақылар тағайындауға байқау жариялады.

Қор бакалавриат бағдарламалары бойынша жоғары білім алу ақысын төлеу үшін мемлекеттік немесе өзге грант ала алмаған, ауылдық жерлердегі жағдайы төмен отбасылардан шыққан түлектерге, жетім балаларға және мүгедектігі бар балаларға шәкіртақы төленетін гранттар береді. 

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының гранттары мен шәкіртақысына үміткерлер (түлектер) өзі таңдаған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарының (бұдан әрі –  ЖЖОКБҰ) қабылдау комиссиясына 10 тамыздан бастап 17 тамыз аралығында өтініш беруі тиіс. Маңызды: үміткер өтінімді өз бетінше береді және осы үдеріс үшін жауапкершілікті өз мойнына алады, бұл ретте ҰБТ-ға қойылатын талаптар жыл сайын өзгеруі мүмкін екенін ескергені жөн, сондықтан бұл ақпаратты қабылдаушы ЖЖОКБҰ-дан алдын ала нақтылауы қажет.

Сондай-ақ қор ЖЖОКБҰ-ның ақылы бөлімдерде оқитын студенттеріне қордың қаражаты есебінен оқуын жалғастыруға мүмкіндік береді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан грант пен шәкіртақы алу үшін студенттер 1 тамыздан бастап 15 тамыз аралығында «Taiburyl» ҚБ-ның https://www.taiburyl.kz/ сайтына онлайн-өтінім береді. 

Грант алушылар қабылдаушы университеттің академиялық талаптарын ұстануы тиіс және бағдарлама бойынша толық оқу курсынан өтуге міндетті. Бұл шарттың орындалмауы қаржылық қолдауды тоқтатуға негіздеме болуы мүмкін.

Шәкіртақы төленетін грант бағдарлама аясында шарт жасалған сәттен бастап бакалавриат бағдарламалары бойынша толық оқу кезеңін қамтиды. Оқу құны бойынша шектеме әрбір грант алушы студент үшін 1 млн теңге мөлшерін құрайды, егер студенттің жылдық оқуының құны 1 млн теңгеден артық болса, онда 1 млн теңгеден асатын айырмашылықты грант алушы студенттің өзі төлеуі тиіс.

Қор бөлетін гранттар өтеусіз көмек болып табылады. Сома қайтарылмайды және грант алушы оқуын аяқтағаннан кейін оның оқуына жұмсалған қаражатты өтеуге міндетті емес.

Ағымдағы оқу жылында түлектердің арасынан үміткерлерді іріктеуді білім беру гранттарын жүзеге асыру аясында ЖЖОКБҰ (университеттер) жанында әрекет ететін қабылдау комиссиясы немесе кез келген басқа комиссия жүзеге асырады.  Студенттердің арасында грантқа үміткерлерді іріктеуді «Taiburyl» ҚБ жанынан құрылған комиссиялар жүзеге асырады.

Бағдарлама туралы толық ақпаратты «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының https://qazaqstanhalqyna.kz/ru/programs.html сайтынан табуға болады. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі