Жаңалықтар

Абайтануға жаңа көзқарас

10.08.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Абай күніне орай, «Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы және ілімі» атты ⅠⅠⅠ халықаралық конференция өтті. Конференцияға отандық және шетелдік әдебиеттанушылар, ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, докторанттар, магистранттар және БАҚ өкілдері қатысты.

Ғылыми шара халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы мен ілімін заманауи көзқарас тұрғысынан қарастыруға арналды.

Жиынды ашқан ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Хайдар Тасыбеков ұлы ақын мұрасын зерттеу мен насихаттаудың маңызына тоқталды.

«Абай сөзі, Абай ілімі болашақ жас ұрпақтың санасына сіңіріп, тәрбие ісінде басшылыққа алатын қағидаға айналуы керек. Сонда ғана біз гуманист Абай армандаған рухани бай, «толық адам» тәрбиелей аламыз. Данышпан тұлғаның аса құнды да өзекті мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, ұғын­дыру бәріміздің ортақ пары­­зымыз болып қала береді», – деп атап өтті проректор.

Басқосуда Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебайұлы «Абай ілімін білудің, түсінудің және қолданудың ғылыми негіздері мен теориялық тетіктері» ғылыми жобасы аясында «Абай таксономиясы» ғылыми қағидасы жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Қансейіт Әбдезұлы қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрін ғылыми тұрғыдан пайымдаудың өзектілігіне назар аударды.

Шара барысында көпшілікке Абай институты мен Әл-Фараби кітапханасы бірлесіп дайындаған «Абайтану антологиясы» жобасы таныстырылды. Абай ҒЗИ вебсайтынан «Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы», «Абайдың таңдамалы даналық сөздері», «Абай әндері» атты электронды көрмелер көрсетілді. Абай ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жобасы нәтижелерінің бірі ретінде «Абайдың кісілік кодексі» жиылғандар назарына ұсынылып, оның мазмұны мен маңызы кеңінен насихатталды.

Сондай-ақ ауқымды шараға Баку славян университетінің профессоры Низами Мамедов, Дж. Вашингтон университеті жанындағы Abai Center қазақ мәдениеті орталығының үйлестірушісі Ертай Сұлтан онлайн қосылып, Абай тұлғасы және тағылымы, шығармашылық мұрасының ерекшелігі хақында пікір білдірді. Конференция модераторы – Абай ҒЗИ-дың жетекші ғылыми қызметкері Ләйла Мұсалы және өзге де әдебиеттанушы ғалымдар Абай ғылыми-зерттеу институтының жетістіктерін тілге тиек етіп, ақын мұрасы хақында ой-толғамдарын ортаға салды.

Конференция жұмысы аясында Абай ілімінің негізгі ұстанымдары сараланып, бас ақынның шығармашылық мұрасы мен ілімінің қазіргі руханияттағы орны атап өтілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі