Бүгін профессор, филология ғылымының докторы, Ыбырай Алтынсарин және Жамбыл Жабаев атындағы халықаралық сыйлықтарының лауреаты Сұлтанғали Садырбаевтың 90 жылдығы аталып өтті.
Шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, филология ғылымының докторы Бауыржан Жақып пен Қансейіт Әбдезұлы, белгілі қоғам қайраткері Нағашыбек Қапалбек, академиктер мен профессорлар және ұрпақтары қатысты.
Жиында жоғары оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, профессордың өмір жолына кеңінен тоқталды. «Сұлтанғали Садырбаев ғұмырын қазақ халқының ауыз әдебиеті мен фольклор жанрын зерттеуге арнады. Нәтижесінде «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Жамбыл және фольклор», «Фольклор және эстетика», тағы да басқа оқулықтар мен монографиялар жазды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және журналистика факультетінің студенттеріне 48 жыл дәріс оқыды. Бүгінде филология факультетінің бір дәрісханасы Сұлтанғали Садырбаевтың атында. Биыл аудитория күрделі жөндеуден өтіп, жаңа құрылғылармен толықты», – деді Жансейіт Түймебаев.
Сондай-ақ басқосуда белгілі қоғам қайраткерлері мен профессорлар, Сұлтанғали Садырбаевтың шәкірттері сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.
Шара барысында университеттің бастамасымен «Ғибратты ғұмыр» сериясы аясында басылып шыққан «Сұлтанғали Садырбаев» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта профессордың өмірбаяны мен зерттеулері, қанатты сөздері, мұрағат құжаттары, толғаныстар мен естеліктері қамтылған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі