- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ ZTE Corporation компаниясымен байланыс орнатты
17.08.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚХР-дағы ұялы телефондар мен телекоммуникациялық жабдықтарды өндіруші ZTE компаниясының өкілдерімен кездесті.
Жүздесуде қос тарап цифрлық трансформация саласында ынтымақтастық орнату және инновациялық технологияларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
ҚазҰУ басшысы меймандарға әлемге әйгілі компаниялармен бірлесіп жұмыс істеудегі университет тәжірибесімен бөлісті.
«Университетте Samsung, Hewlett-Packard, Cisco, Koniсa Minolta, Fujitsu, Alcatel, Microsoft, «Лаборатория Касперского», Huawei және өзге де жоғары технологиялық компаниялардың сертификаттау орталықтары, зертханалары, институттары табысты жұмыс істеуде. Аталған жетекші компаниялармен бірлесіп оқытушы-профессорлар құрамының біліктілігін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілді. Университет базасында Samsung зертханасы ашылды. Сонымен қатар жоғары оқу орнының ғалымдары әзірлеген инновациялық жобаларымыз бар. Оқытушылар мен студенттер Smart технология, робототехника, жасанды интеллект және оқу-зертханалық стендтері бойынша жобаларды әзірлеп, іске қосты», – деді университет басшысы.
Сөз соңында Жансейіт Түймебаев түрлі білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобаларды іске асыруға мүдделі екенін және цифрлық трансформация саласындағы жемісті ынтымақтастыққа бағытталған барлық бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде ТМД елдеріндегі ZTE бизнесін дамыту жөніндегі бас директор Вэй Вэй ZTE Corporation туралы толық ақпарат беріп, өз ұсынысын білдірді.
«ZTE компаниясы 1985 жылы Қытайдың Шэньчжэнь қаласында құрылған. Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елінде компанияның зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Компания Оңтүстік Азия, Солтүстік Америка, Еуропа, Латын Америкасы, Африка және ТМД-дағы 500-ден астам байланыс операторларына қызмет көрсете отырып, 140 ел мен аймаққа жабдықтар мен қызметтер жеткізіп отыр», – деді Вэй Вэй.
Кездесу соңында Вэй Вэй серіктестік орнату маңызды қадам болатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ бірлескен жобалар бойынша жұмысты одан әрі жандандыруға дайын екенін жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі