Жаңалықтар

ҚазҰУ қоғамның түйінді мәселелерін шешуден тыс қалмайды

19.08.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қызметіне арналған дөңгелек үстел өтті. Жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, депутаттық корпус, ЖОО, қоғамдық кеңес өкілдері, кәсіпкерлер, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының мүшелері қатысты.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев қордың мақсаты мен міндеттері туралы айта келе, қор жобалары мен бағдарламаларын таныстырды. 

«Бүгінгі жиынымыз әйгілі университетімізде өтіп отырғандықтан, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім беру бағдарламасы туралы баяндап өтейін. Біз аз қамтылған және мұқтаж отбасылардан шыққан талапкерлер үшін гранттар санын көбейттік. Нәтижесінде 85 ЖОО-ның әрқайсысына 10 гранттан берілді. Сонымен қатар 1500 грант пен стипендия «Taiburyl» қоғамдық бірлестігі арқылы бөлінеді», – деп атап өтті Болат Жәмішев.

Жиын барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев жоғары оқу орындары да қоғамның түйінді мәселелерін шешуге қатысатынын жеткізді.

«Бүгінгі дөңгелек үстел өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететініне сенімдімін. Біз де шет қалмаймыз. Еліміздің жетекші университеті ретінде өз ұсыныстарымызды білдіреміз», – деді университет ректоры.

Дөңгелек үстел жұмысы қатысушылар арасындағы пікір алмасуға ұласты. Жиналғандар өңір ерекшелігін және қордың тұжырымдамасын ескере отырып, «Қазақстан халқына» қорының қайырымдылық жобалары мен бағдарламаларына қатысты өз ойларын ортаға салды.

Шара соңында Алматы қаласының әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі