Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Бүгін, 22 тамыз – Дінмұхамед Ахметұлының қайтыс болғанына 29 жыл. Осыған орай, жұртшылық Дінмұхамед Қонаевтың рухын ұлықтап, Алматыдағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шараға Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары, Д.Қонаевтың замандастары мен туыстары, студент жастар мен мектеп оқушылары қатысты.
Мінбеге шығып сөз алған қоғам өкілдері қайраткер тұлғаның ел алдындағы еңбегі мен өнегелі істерін тебірене еске алды. Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін жиналғандар Дінмұхамед Ахметұлы 1969-93 жылдар аралығында тұрған мемориалдық пәтер-мұражайына барды. Бұл үйде Дінмұхамед Ахметұлының жеке кітапханасы, пайдаланған тұрмыстық заттары, мемлекет қайраткерлері жасаған сыйлықтар сақталған. Сонымен қатар мұражайда Дінмұхамед Қонаевтың өзі жазған кітаптары мен ол туралы жарық көрген еңбектер қойылған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі