Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1-курс студенттеріне арналған бағдар беру апталығы өтуде.
Университет табалдырығын жаңа аттаған білім алушылар өз факультеттері, жатақхана және факультет басшылары, кураторларымен танысуда. Оларға жатақханаға орналасу барысы түсіндіріліп, студенттердің медициналық тексеруден өтуі жайлы ақпарат берілуде.
Әр күні студенттік декан, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшілері және белсенді студенттермен кездесулер ұйымдастыруда. Жүздесуде жастар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың академиялық саясаты, Студенттердің ар-намыс кодексі және студент туралы ішкі ережелер түсіндірілуде.
«Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында студенттерге 1 курсқа қажетті барлық рәсімдер мен тіркелу түсіндіріледі:
• Шәкіртақы алу үшін банк карталарын қайдан алуға болады және ол үшін не қажет.
• Жатақханаға орналасу үшін медициналық тексеруден өту керек.
• Уақытша тұруға рұқсатты қалай алуға болады
• Университеттің уақытша әскери тіркеуіне қалай түсуге болады және т.б.
Сондай-ақ @ssc_keremet әлеуметтік желілсінде арнайы нұсқаулықтармен танысуға болады.
Бағыт-бағдар беру апталығы 31 тамызға дейін жалғасады. Алда 1-курс студенттерін жаңа ортаға тезірек бейімделуге көмектесетін көшбасшылық дәрістер мен қызықты семинарлар, ҚазҰУ қалашығына саяхат күтуде. Сондай-ақ, апталық аясында қатысушыларға жалпыуниверситеттік әлеуметтік жобалар кеңінен таныстырылып, «Univer» жүйесін, Moodle, MSTeams, ZOOM бағдарламаларын қолдану, электронды кітапханамен жұмыс істеу бойынша сабақтар да өткізілмек.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі