Жаңалықтар

Үндістанда сақталған мұсылман қолжазбалары

25.08.2022

Үндістан жеріне парсы тілі арқылы Иран мәдениетінің тарауы шығыстанушылар, әсіресе ирантанушы мамандардың тарапынан әрқашан қызығушылық тудырған тақырыптардың бірі. Осы орайда, отандық ирантанушылардың да соңғы жылдары тынымсыз зерттеу жүргізіп жүрген тақырыптарының бірі – Үндістан еліндегі қолжазба қорларда сақталған мұсылман қолжазбалары.

Осындай мақсатта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің (№BR10965240 гранты) қаржыландыруымен жүзеге асырылған «Алтын Орданың этнополитикалық тарихын зерттеу және жаңа дереккөздерді аудару» атты жобаның аясында Үндістанның Дели және Алигарх қалаларына ғылыми іссапарға бару мүмкін болды. Ғылыми іссапардың бір бөлігі Үндістанның қолжазба қорларында сақталған парсы тіліндегі Алтын Орда тарихына қатысты дереккөздерді анықтау және көшірмелерін жасату. Екінші бөлімі жергілікті шығыстанушы мамандармен қолжазба зерттеу саласы бойынша пікір әрі тәжірибе алмасу болатын. Аталған жоба шеңберінде Үндістанның Алигарх қаласы Алигарх мұсылман университетіне қарасты Маулана Азад кітапханасының қолжазба қорындағы парсы тіліндегі қолжазбалармен жұмыс жасалды. Жалпы, Алигарх мұсылман университеті Үндістанда 1875 жылы негізі қаланған ең тұңғыш мұсылмандар үшін ашылған университет. Бүгінде бұл университет Үндістандағы рейтинг жағынан үшінші орынды иеленеді. Алигарх мұсылман университетінің негізін қалаған жеті қырлы, бір сырлы ғалым, теолог, адвокат Сеййед Ахмад-хан (1817-1898). Араб, парсы, урду және бірқатар тілдерді жақсы білген Сеййед Ахмад-хан жеке кітапханасындағы қолжазбалар мен кітаптарды өзі негізін қалаған университетке сыйға берген. Маулана Азад кітапханасының негізі 1877 жылы қаланған және тек Үндістан ғана емес, әлемдегі үлкен кітапханалардың бірі саналады. Бұл кітапхананың қолжазба қорында 16 000-нан астам қолжазбалар мен 20 000-нан астам сирек кездесетін кітаптар сақталған. Қолжазбалардың негізгі бөлігі араб және парсы тілдерінде. Сонымен қатар санкскрит, урду тілдерінде де көптеген құнды қолжазбаларды кездестіруге болады. Кітапхананың жанында қолжазба музейі бар.

Үндістанға ғылыми іссапар барысында Алигархтағы Маулана Азад кітапханасының қолжазба қорында Алтын Орда тарихына қатысты бірқатар парсы тіліндегі қолжазбалар анықталып, олардың көшірмелері дайындалды. Сонымен қатар Алигарх мұсылман университеті Парсы зерттеулері институтының (Institute of Persian research) ғалымдарымен қолжазбатану саласы бойынша тәжірибе алмастық. 2007 жылы құрылған бұл институттың директоры – профессор М.Осман Ғани. Парсы зерттеулері институтының негізін қалаушы және бұрынғы директоры, профессор Азармдухт Сафави ханымның айтуынша, бұл орталықтың басты мақсаты – парсы тіліндегі қолжазбаларды зерттеу, мәтіндерін жарыққа шығару. Жылына ондаған парсы қолжазбаларын зерттеп, ғылыми түсініктерімен бірге жарыққа шығаратын бұл институт мамандарының тәжірибесі мол. Бір күнде 30-50 бетке дейін қолжазба мәтінді оқып, қайта көшіруге машықтанған мамандары бар бұл институттың болашаққа құрған жоспары көп. Соның бірі – Орталық Азия елдері мамандарымен бірлесіп жұмыс істеу. Аталған институттың мамандарымен тәжірибе алмасу іссапар барысында өте пайдалы болғанын ерекше атап өту қажет.

Бұдан басқа, Дели қаласындағы «Нұр» микрофильм қолжазбалар орталығында жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болдық. Бұл орталықта 30 000-нан астам Үндістанның түрлі кітапхана қорларында сақталған қолжазбалардың микрофильмдері сақталған. Микрофильмдерді сақтау мен оның цифрлық нұсқасын дайындау және қолжазбаларды реставрациялау жұмыстарымен айналысатын бұл орталықтың мамандарымен де пікір алмасу алдағы уақыттағы ғылыми жұмыстарға үлкен әсерін тигізері анық.

Жалпы алғанда, Үндістан қолжазба қорларына жасалған онкүндік іссапар сәтті өтті. Бұл сапарда қол жеткізген нәтижелер мен алған тәжірибе сөзсіз құнды. Өйткені отандық шығыстану ғылымына пайдасын тигізетініне еш күмәніміз жоқ.

 

Ғалия ҚАМБАРБЕКОВА,

шығыстану факультеті

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия

кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к.