Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім алушыларға есігін айқара ашты. Білім күні барлық факультеттерде 1-курс студенттеріне арналған көшбасшылық дәрістер өткізіліп, белгілі ғалым-профессорлар тәжірибелерімен бөлісті.
Оқу орнының Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев оқытушы-профессорлар құрамы мен барша білім алушыларды Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
«Кемел келешек кілті – озық білімде. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болу үшін оқу керек, бай болуға кәсіп керек, ал күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген қағидасы бүгін де маңызын жойған жоқ.
Біздің басты мақсатымыз – жастарға сапалы білім беру, білікті ғылыми кадрларды даярлау, мемлекет дамуына қызмет ететін білікті мамандарды тәрбиелеу», – деп атап өтті ректор.
Биыл Қазақ ұлттық университетіне 4 мыңға жуық талантты жас мемлекеттік грантпен оқуға түсті. Оның ішінде 700-ге жуық "Алтын белгі", 100-ден астам "Елбасы" медалі, ғылыми жоба иегерлері, олимпиада жүлдегерлері ҚазҰУ студенті атанды. Білім ордасы бакалавриат, магистратура, докторантураға 8276 студентті оқуға қабылдады.
Бүгінгі таңда зерттеу университеті мәртебесін иеленген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – QS жаһандық рейтингі бойынша әлемнің үздік 150 университеті қатарына алғаш енген және халықаралық академиялық сарапшылардың да, отандық жұмыс берушілердің де жоғары бағасын алған қазақстандық жалғыз жоғары оқу орны.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі