Жаңалықтар

Қазақ тілінің дамуына өз үлесімді қосамын

06.09.2022

Әрбір адамның алдында ең негізгі шешімдердің бірі – оқу орнын таңдау мәселесі тұрады. Себебі білімі, студенттік өмірі – бәрі дәл сол оқу орнына байланысты. Ал менің таңдауым арманымдағы білім ордасы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болды.

Мен армандаған университетіме еш ойланбастан құжат тапсырдым. Университетте 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаттары мен философия докторлары қызмет атқарады. Он алты факультеттің ішінде филология факультетінің «Қазақ филологиясы» мамандығына тоқталдым. Бүгінде аталмыш факультеттің 2-курсына аяқ бастым.

Қазақ тілінің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Университет тынысына толыққанды сіңісе қоймасам да, ол маған әрқашан ыстық.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биыл ғылыми-зерттеу университеті мәртебесіне ие болды. Демек, бұл келер жылдары елімізге пайдасын тигізер ғалымдардың көбеюіне үлес қосады деген сөз. Менің университетім әлемнің 500-ге жуық ірі халықаралық жоғары оқу орындарымен бірлескен халықаралық оқу бағдарламаларын жүзеге асырып, студенттер алмасу және тағылымдамалар өткізеді. Сонымен қатар әлемнің ең үздік деген 150 жоғары оқу орнының тізіміне енді. Бұл жаңалық университет студенттері үшін үлкен қуаныш. Білім жағынан және оқытушылардың біліктілігі, студенттік өмірдің өте керемет әрі қызықты өтетініне сенімді болғандықтан, осы оқу орнын таңдадым.

Алдағы уақытта өзім де университет абыройын барынша көтеруге атсалысқым келеді. Әлем мойындайтын Гарвард, Оксфорд секілді университеттердің қатарында тұратындай еңбек етсем деймін.

 

Рамазан ТАҢАТОВ, 

филология факультетінің 

2-курс студенті