- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да ЖОО ректорларының жұмыс кеңесі өтті
07.09.2022Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Онда студенттердің оқу, тұрғын үй және жатақханамен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланды.
Жиынға Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ректорлары мен арнайы өкілдері қатысты.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді шұғыл шешу қажеттігіне қатысушылардың назарын аудара отырып, өзекті мәселеге көшті. «Күні кеше ғана Президентіміз жатақхана мәселесін көтерді. Биыл елімізде 600 мыңнан астам студент білім алуда, оның 180 мыңнан астамы Алматы қаласында. Көптеген жоғары оқу орындары осы қалада орналасқандықтан, жастардың барлығы білім алуға осында келуде. Дегенмен біз балаларға барынша жағдай жасауымыз қажет», – деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қ.Ерғалиев.
Жиында Алматы қаласы жоғары оқу орындарының басшылары ЖОО-дағы жағдайды сипаттап, студенттерді тұрғын үймен және жатақханамен қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы айтып берді. Сонымен қатар тілек білдірушілер жағдайды қалай реттеу керектігі жөнінде өз ұсыныстары мен идеяларын айтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары оқу орындары және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік моделін енгізу туралы жолдауда айтылған ұсынысын қолдады. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2022-2026 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, жұмыс істеп тұрған 14 жатақхананы қайта жаңарту және алты жаңа жатақхана салу жоспарлануда. ЖОО-ның басты назарында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі тұр», – деп атап өтті университет басшысы.
Кеңес соңында вице-министр қатысушыларға мәселеге байыпты қарап, басқа қаладан келген студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алу туралы өтініш білдірді. «Жыл соңына дейін қаланы дамытудың жаңа жоспары әзірленеді, соған сәйкес, студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешуге көмектесетін бірқатар шаралар қабылданады. Атап айтқанда: жер бөлу рәсімдері жеделдетіледі немесе қысқартылады. Сондай-ақ мұнда әңгіме қандай да бір қаржылық жеңілдіктер мен субсидиялар туралы болып отыр. Мен сіздерді әкімдікпен белсенді жұмыс істеуге шақырамын», – деп түйіндеді сөзін Қуаныш Ерғалиев.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі