- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ENTER жобасы қорытындыланды
09.09.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Инженерлік педагогика және ENTER желісі: жетістіктері мен мүмкіндіктері» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтуде.
Ғылыми форумға Португалия (Порто политехникалық институты), Эстония (Таллинн техникалық университеті), Словакия (Дубница технологиялық институты) мен Қазақстаннан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстанның инженерлік білім ассоциациясы және басқа да жоғары оқу орындары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың операциялық қызмет жөніндегі проректоры Әсел Уәлиева қатысушыларды конференцияның ашылуымен құттықтап, пандемия жағдайында ENTER жобасын жүзеге асырумен айналысқан жұмыс тобының қызметін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол: «Осы төрт жыл ішінде цифрлық оқыту технологияларына және инженерлік пәндер оқытушыларын даярлаудың үш деңгейлік бағдарламасы әзірленіп, енгізілді. Біздің ЖОО-ның 16 оқытушысы өз білімдерін тереңдетіп, жоба аясында біліктілігін арттырудан басқа, ҚазҰУ оқытушылары Қазан, Вятка, Тамбов, Қарағанды тыңдаушыларына арналған арнайы курстар өткізді», - деді проректор.
Айта кету керек, жоба 2018 жылдың қараша айында басталып, 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған. Алайда пандемияға байланысты оны жүзеге асыру мерзімі 2022 жылға дейін ұзартылды.
Жобаның мақсаты - инженерлік пәндер оқытушылары үшін жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік-педагогикалық білім беруге жаңа мультимәдени және халықаралық тәсілді енгізу. Бұл тәсіл электрондық оқыту технологияларын барынша пайдалануға, еңбек нарығының қажеттіліктері мен инженерлік университеттердің қажеттіліктерін мұқият талдауға бағытталған.
Форум спикерлері конференция барысында баяндама жасап, «Ғарыштық білім Қазақстандағы инженерлік педагогиканың маңызды құрамдас бөлігі ретінде», «Проблемалық оқыту: инженерлік мамандықтар студенттерімен жұмыс тәжірибесі», «Инженерлік бейіндегі мамандарды даярлау кезінде жобалық оқыту әдісін қолдану», «Техникалық мамандықтарға арналған атомдық физика және спектроскопия бойынша кейс» және басқа да өзекті тақырыптарды талқылады. Конференцияның қорытынды отырысында жобаның нәтижелері мен жетістіктері жан-жақты айтылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі