Жаңалықтар

ҚазҰУ-да МИФИ ҰЯЗУ филиалы ашылды

12.09.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен МИФИ ҰЯЗУ филиалының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бірлескен білім беру жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы «Қайғылы қаңтар сабақтары: қоғамның бірлігі – тәуелсіздік кепілі» атты отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған Ресейдің озық техникалық жоғары оқу орындары филиалдарын құру туралы стратегиялық міндетін орындау аясында жүзеге асырылуда. 


Салтанатты шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, РФ Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Наталья Бочарова, «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бас директорының персонал жөніндегі орынбасары Татьяна Терентьева, МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко, РФ елшілігінің кеңесшісі Алексей Коропченко, ҚР Энергетика министрлігі Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев, «Қазатомөнеркәсіп» және «Росатом» компанияларының өкілдері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және МИФИ филиалының профессорлары мен білім алушылары қатысты.

Мәртебелі меймандарды қарсы ала отырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев екі ел министрлігі басшыларына және МИФИ мен ҚазҰУ-дағы әріптестеріне ЖОО-ның және жалпы елдің одан әрі дамуы үшін стратегиялық маңызды білім беру жобасын іске асырғаны үшін алғыс білдірді. Филиалдың құрылуы саланы «Ядролық энергетика және технологиялар», «Информатика және есептеу техникасы» мамандықтары бойынша білікті кадрлармен қамтамасыз ете отырып, елде ядролық энергетиканың дамуына жаңа серпін беретінін айтты.

«Филиал түлектері еліміздің стратегиялық саласын дамытуға елеулі үлес қосарына сенімдіміз. Студенттер сапалы инженерлік білім алады. Олар ғылыммен айналысады, қажетті дағдыларға ие болады, заманауи ғылыми зертханаларда тағылымдамадан өтеді», – деп атап өтті жетекші ЖОО басшысы.

ҚазҰУ-да студенттерді сапалы оқыту үшін барлық жағдай жасалған. Дәрісханалар, зертханалар, кітапханалар, жатақханалар мен спорт залдары заманауи үлгіде жабдықталған. Ал Ядролық физика институты тәжірибелік сабақтарға арналған алаң ұсынатын болады.

МИФИ филиалын құру – жуырда зерттеу университеті мәртебесі берілген ЖОО үшін үлкен жауапкершілік. ҚазҰУ үнемі даму үстінде, ол зерттеу университеті ретінде қазақстандық ғылым мен білімді әлемдік деңгейге көтеруді мақсат етеді.

Жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысушыларды маңызды оқиғамен құттықтап, зерттеу университеттерінің ғылымды дамытуда рөлі артып келе жатқанын атап өтті. «МИФИ-мен әріптестік қолданбалы ғылым саласындағы ынтымақтастық үшін жаңа даму нүктесі болады деп үміттенеміз. Біз МИФИ ҰЯЗУ филиалы шағын жобадан маңызды, ауқымды, өңірлік, мемлекетаралық өндірістік орталыққа айналуы үшін бар күшімізді саламыз», – деді министр.

РФ Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Наталья Бочарова шын мәнінде бұл Қазақстандағы ресейлік жоғары оқу орындарының алғашқы филиалы, флагманы екеніне мән берді. «Жоба бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Техникалық жоғары оқу орнының қызметін шетелде ұйымдастыру өте қиын, сондықтан мен МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченкоға және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевқа филиалдың ашылуы аясында атқарған орасан зор жұмысы үшін шын жүректен алғыс айтамын», – деді министр орынбасары.

Сонымен қатар шара барысында «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бас директорының персонал жөніндегі орынбасары Татьяна Терентьева, МИФИ ҰЯЗУ ректоры Владимир Шевченко және т.б. сөз сөйледі. Олар бірлескен іске жұмылуға дайын екендерін білдірді.

 

Қатысушылар жиын соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ашылған МИФИ Ұлттық зерттеу ядролық университеті филиалының естелік тақтасына қол қойды. Сондай-ақ құрметті қонақтар университеттің физика-техникалық факультетінде болып, жаңа филиалдың аудиториясын аралады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі