Жаңалықтар

ҚазҰУ-да Түрікменстанның 540 студенті білім алуда

20.09.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Түрікменстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Батыр Режеповпен кездесті. Жүздесуде тараптар екі елдің білімі мен ғылымын дамыту мақсатында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында ректор университеттің тарихы мен жетістіктері туралы баяндады. Сонымен қатар өз сөзінде Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ мен Түрікменстан университеттері арасында жасалған көпжылдық байланыстың жемісті болғанын атап өтті.

«Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы орнатылды. Қазіргі таңда екі мемлекет білім беру саласындағы қарым-қатынасты 1997 жылдан бастап дамытып келе жатқан стратегиялық әріптес. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар институтымен және Мақтымқұлы атындағы мемлекеттік университетімен келісімге қол қойды. Бүгінде ҚазҰУ-да Түрікменстанның 540 студенті білім алуда. Оның 535-і келісімшарт бойынша, ал бесеуі мемлекеттік білім гранты негізінде оқып жатыр», – деді ЖОО басшысы.

Өз кезегінде Түрікменстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Батыр Режепов ҚазҰУ ұжымын  жетістіктерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар елші жоғары оқу орны түрікмен студенттерінің сүйікті орнына айналғанын атап өтті.

«Түрікменстанда ҚазҰУ-дың танымалдығы артып келеді. Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Түрікменстаннан 185 студент оқуға түсті. Бұл көрсеткіш жыл сайын артады деген үміттемін», – деді Батыр Режепов.

Сонымен қатар құрметті мейман IT саласында білікті мамандарды бірлесіп даярлау мақсатында ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды ұсынды.

Кездесу соңында тараптар аталған бастамаларды жоспарлы түрде іске асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі